ОБЛЫСТЫҚ АУРУХАНАДА НЕЙРОХИРУРГТАР БАЛАНЫҢ МИЫНА ОТА ЖАСАДЫ

0
62

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «Еліміздегі денсаулық сақтау саласын дамыту үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптeстік тетіктері арқылы ресурстарды белсенді тарту қажет. Өкінішке қарай, шетелдердің мемлекеттік-жекеменшік әріптeстікке қатысты озық тәжірибелері заңнамамызда толық көрініс тапқан жоқ. Мұның бәрі жобалардың тиімсіз болуына, бюджетке түсетін салмақтың тым артуына әкеп соқтырады. Бұл тәсілдерді қайта қарап, инвестиция тарту үшін ақылға қонымды тарифтер ұсыну қажет»деді. Түркістан облысында денсаулық сақтау саласын заман талабына сай жабдықтап, озық тәжірибелерді енгізуге, дәрігерлердің біліктіліін жетілдіруге байланысты көп жұмыстар атқарылуда.
Соның арқасында күрделі оталар жасайтын мамандар қатары да өсіп келеді. Таяуда ғана Облыстық балалар ауруханасының балалар нейрохирургтары «Бас миының эхинококкозы. Көп камералы эхинококк кисталар» диагнозымен 9 жастағы пациентке ота жасады.
Жасөспірімнің ауырғанына шамамен 3 ай болған, бас ауруы, бас айналу, көру қабілетінің нашарлауы байқалған. Мидың МРТ сканерлеуінен де мидың көлемді көп камералы цистикалық түзілуі анықталды.
Науқас ОБА-ның нейрохирургіне жүгініп, балалар нейрохирургиялық бөлімшесіне жедел жатқызылды. Бас миының эхинококкозына шалдыққан науқасқа 3 қыркүйекте ота жасалып, көп камералы эхинококк кистасы алынып тасталды. Оң жақтағы төбе мен шүйдесіне сүйек-пластикалық трепанациясы жасалды. Отадан кейін науқастың жағдайы жақсарды.
Мемлекет басшысының биылғы жолдауында «Білікті медицина мамандарының тапшылығы – әлі де өзекті мәселе. Бұл мәселені шешу үшін, ең алдымен, медицина саласындағы білім сапасын барынша арттырған жөн. Соның ішінде грант құнын білім беру үдерістерінің деңгейіне қарай саралау арқылы белгілеп,  тиімді тарату қажет» екендігі де айтылды.
Биыл жергілікті бюджет қаражаты есебінен бакалавриатқа 50 грант бөлінді. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне ІТ саласына 35, медицина бойынша 15 орын берілді. Бұл орындарды тек Түркістан облысының мектеп бітірушілері иеленді.
Құжат тапсырғандардың арасында жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, І және ІІ топтағы немесе бала кезінен мүгедектер, осы санаттағы балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан балалар, толық емес және көпбалалы отбасылардың балалары, ауыл жастары, Алтын белгі иегерлеріне гранттар үлестірілді. Бұл студенттерге Түркия еліне барып, білім алуларына мүмкіндіктер қарастырылып отыр. Бір ғана шарт оқуды тәмамдаған соң университет түлектері 5 жыл Түркістан өңірінде жұмыс істеулері қажет.
Жалпы Түркістан облысында 250 медицина маманына қажеттілік бар. Атап айтқанда акушерия, аллергология және иммунология, анестезиология және реаниматология, ангиохирургия, балалар хирургиясы, гастроэнтерология, гематология, дерматовенерология, жақ сүйек-бет хирургиясы, кардиология, клиникалық фармакология, медициналық генетика, нейрохирургия, неонаталогия, нефрология, онкология, патологиялық анатомия, педиатрия, радиология, ревматология, травматология-ортопедия, физикалық медицина және реабилитация, эндокринология сынды бағыттары бойынша кадрлар жетіспейді.
Кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін облыс басшысы Дархан Сатыбалдының қолдауымен биыл резидентураға 139 орын бөлдік. Ол үшін 6 университет пен институт таңдалды. Солардың ішінде ХҚТУ де бар. Былтыр резидентураға 30 грант бөлініп, мамандар қазіргі таңда білімін жетілдіріп жатыр. Барлық резидентура түлектері Түркістан өңірінде 5 жыл қызмет етіп, білім грантын өтейді.