ЖАҢА МЕКТЕПТЕР АЛДАҒЫ КЕЗДЕ ДЕ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕ БЕРМЕК

0
64

Түркістан облысында 2024-2025 оқу жылына дайындық жұмыстары қызу жүргізіліп, жаңа оқу жылында өңірде бірнеше жаңа мектептер, мектептердің жанынан қосымша ғимараттар құрылысы салынып, пайдалануға берілді. Соның нәтижесінде облыс аумағындағы білім беру ордаларында үш ауысымды және тозығы жеткен мектептердің саны азайып келеді. Әлі жыл соңына дейін және келесі жылға өтпелі бірнеше мектеп құрылыстарында қызу жұмыс жалғасуда.

Білім мекемелерінің құрылысы облыс әкімінің тікелей бақылауында. Биылғы жаңа оқу жылына орай, Төлеби ауданында Тағайна елді мекеніндегі 200 орындық мектебінің, , Көксәйек елді мекеніндегі аудандық саз мектебінің құрылыс жұмыстары толық аяқталып, пайдалануға берілді. Сол сияқты Бірінші Мамыр ауылдық округіндегі Тағайна жалпы орта мектебінің жаңа ғимаратының ашылу салтанаты өтті.

Мерекелік жиынға аудан әкімі Төлеген Телғараев, аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров, облыстық мәслихат депутаты Дулат Әбіш, аудандық білім бөлімінің басшысы Бекайдар Тойлыбаев қатысып, ұстаздарды, оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен, ел игілігіне берілген ғимараттың ашылуымен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді. Өңірде білім сапасын арттыру және оқушыларды ғылымға бағыттау мақсатында жұмыстар қолға алынғанын айтқан аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы білім беру ісіндегі жетістіктерге де тоқтала кетті.

— Тәуелсіз елдің тірегі – білімді де білікті ұрпақ десек, қазіргі дәуірдің басты мақсаты оқушыларға халықаралық дәрежеде сапалы білім және саналы тәрбие беру. Ауыл халқының көптен күткен білім ордасының құрылысын мердігер мекеме «Дос и К сервис» ЖШС жүргізді. Құны 925 млн теңгені құрады. Мектеп ғимаратының құрылысын жобада көрсетілген мерзімде аяқтаған мердігер мекемеге алғысымды білдіремін, деді құттықтау сөзінде аудан басшысы.

Жаңадан салынған мектепте оқушылардың тиянақты білім алуы үшін жан-жақты жағдай жасалған. Қажетті құрал жабдықтармен толық қамтылған.

Айта кетерлігі, Төлеби ауданында тозығы жеткен 3 білім ұясына күрделі жөндеу жұмыстары, 33 мектеп ағымдағы жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 3 мектептің құрылысы аяқталуға жақын.

Ұрпақ тәрбиесі мен біліміне жауапты ұстаздар қауымына биылғы жылы да үлкен жауапкершілік жүктелуде. Төлеби ауданындағы білім беру ұйымдарында 29 мыңға жуық оқушы білім алса, жаңа оқу жылында 1-ші сыныпқа 2535 оқушы қабылданды. Биылғы жылы мектепке дейінгі білім беру ұйымының саны екеуге артып, жалпы 6703 бала тәрбие және оқумен қамтылуда. Ауданда бүгінгі таңда 3677 мұғалім жас ұрпаққа заман талабына сай сапалы білім мен тәрбие беруде.

Сол сияқты Сауран ауданында да 1 қыркүйек — Білім күні аудандағы 56 мектепте жоғары деңгейде аталып өтті. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров білім күнінде 4 мектептің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Аудан әкімі шараға жиналған көпшілікті білім күнімен құттықтап, оқушыларды еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қосуға шақырды.

— «Баршаңызды тағы да бүгінгі білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймын. Сіздерге бүгінгі ерекше күні жаңа жетістіктер мен ұдайы ізденіс, шығармашылық табыс, жаңа бастамаларда тек қана сәттілік тілеймін! Жаңа оқу жылы барлығыңыз үшін сәтті және жетістіктері көп болсын!», — деді Мақсат Асылбекұлы.

Ауданда биылғы оқу жылына 4 мектеп пайдалануға беріліп отыр, оның 1-еуі мемлекеттік, 3 жекеменшік мектептер. Ал, жыл соңына дейін «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 3 мектеп пайдалануға беріледі. Атап өтсек, С.Қожанов елді мекеніндегі 300 орындық, Еңбекші Дихан елді мекеніндегі 600 орындық, Аша елді мекеніндегі 600 орындық білім ұялары оқушыларға есігін айқара ашатын болады. Жаңа мектептер  құрылысы қарқынды жалғасып, алдағы кезде де жоспарланға мерзімінде пайдалануға беріле беретін болады.

Ал, келер жылы “Жайлы мектеп” Ұлттық жобасы аясында Ынталы мен Құмтүйін елді мекендерінде 600 орындық екі мектептің құрылысы аяқталмақ. Аудан бойынша 56 орта білім беру ұйымдары болса, оның 41-і мемлекеттік, 15-і жекеменшік, онда 23 911 оқушы білім алуда, оларға 3578 ұстаз қызмет етеді. Биылғы оқу жылында 2228 бүлдіршін 1-ші сыныптың табалдырығын аттады.