БИЫЛ ТӨРТ ЖЕКЕМЕНШІК МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

0
65

Мемлекет басшысы өзінің тікелей тапсырмасымен елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатқанын, оларда білім берудің талаптары да мүлде жаңаша болатынын айта келіп «Сонымен бірге еліміздегі 1300 мектепке күрделі жөндеу жүргізу қажет. Үкімет әкімдермен бірге оны қаржыландыру көздерін анықтап, соның ішінде демеушілерден де қаражат тартып, 3 жыл ішінде бұл мектептерді толық жаңартуы керек.

Мемлекет кепілді төлемдер үшін қыруар қаражат бөледі. Оның ішінде жекеменшік мектептерге берілетін қаржы да бар. Мысалы, 250 мыңнан астам бала оқитын жекеменшік мектептерге биылдың өзінде бюджеттен 134 миллиард теңге бөлінді.

Ата-аналар мемлекеттің жеке меншік мектептерге нақты көмек беріп жатқанын білуге тиіс. Осыған орай әр балаға норматив бойынша бөлінген қаражат көрсетіліп тұруы қажет. Сонда азаматтарымыз әлеуметтік бағдарламаларға бөлініп жатқан қаржы туралы шынайы ақпараттан хабардар болады» деп басқа қаржыландыру көздерін және жекеменшік мектептердің де әлеуетін пайдалана отырып, жас ұрпаққа білім мен тәрбие берудің сапасын арттыруды мідеттеді.

Түркістан облысында пилоттық «Жайлы мектеп» жобасы бойынша ең көп мектептер салынуда. Оған қоса басқа бағдарламалар мен бюджеттік қаржыдан да мектептерді салу, жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сол сияқты облыста жекеменшік мектептер салу да айтарлықтай қарқын алып келеді. Таяуда сондай мектептің бірі жаңа оқу жылы қарсаңында пайдалануға берілді.

Сауран ауданы, Жаңа Иқан ауылдық округінде жекеменшік 577 орынға лайықталған «Дарын KZ 1» жалпы орта мектебінің салтанатты ашылу рәсімі болып өтті. Салтанатты шараға Сауран ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев, білім бөлімінің басшысы Ақмарал Батырбекова, білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрайымы Фатима Рысбекова, ауылдың ақсақалдары мен тағы да басқа қонақтар қатысты. Аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев құттықтау сөз сөйлеп, барша жиналған көпшілікті жаңа мектептің ашылуымен құттықтады.

«Cіздерді бүгінгі жаңа мектептің ашылуымен және оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Cіздер үшін бүгін маңызды, себебі жаңа мектептің табылдырығын атап отырсыздар. Қазақстанның болашағы — ертеңгі сіздердің қолдарыңызда. Сондықтан, сабақтарыңызды жақсы оқып, еліміздің өркендеуіне өз үлестеріңізді қосады деп сенім білдіремін”, — деді Бақытжан Кеңесбекұлы.

Ауданда биылғы оқу жылына 5 мектеп пайдалануға беріліп отыр, оның 1-еуі мемлекеттік, 4 жекеменшік мектептер. Ал, жыл соңына дейін «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 3 мектеп пайдалануға беріледі. Атап өтсек, С.Қожанов елді мекеніндегі 300 орындық, Еңбекші Дихан елді мекеніндегі 600 орындық, Аша елді мекеніндегі 600 орындық білім ұялары оқушыларға есігін айқара ашатын болады. Ал, келер жылы Ынталы мен Құмтүйін елді мекендерінде 600 орындық екі мектептің құрылысы аяқталмақ.

Аудан бойынша 56 орта білім беру ұйымдары болса, оның 41 мемлекеттік, 15 жекеменшік, онда 23 911 оқушы білім алуда, оларға 3578 ұстаз қызмет етеді. Биылғы оқу жылына 2228 бүлдіршін 1 сыныптың табалдырығын аттады.