МЕМЛЕКЕТТІҢ ҚОЛДАУЫМЕН ӨЗ КӘСІБІН АШУШЫЛАР КӨБЕЮДЕ

0
62

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында азаматтарды жұмыспен қамту, шағын және орта бизнесті дамыту, жеке кәсіпкерлік ашуды қолдау турылы айта келіп «Әр кәсіпкер қолдаудың қандай түрі бар екенін және оған қалай қол жеткізе алатынын еш қиындықсыз біліп отыруы қажет. Сонда шағын бизнес орта бизнес санатына өтуге мүдделі болады. Бізде қазір қолдау шараларының 100-ден астам түрі бар. Бұдан білікті маманның өзі шатасуы мүмкін. Сондықтан мемлекеттік қолдау шараларының қаншалықты тиімді екенін мұқият тексеріп шығу керек.

Ұсынылатын жеңілдіктердің бизнес өкілдеріне түсінікті бірыңғай тізімін әзірлеу қажет. Шағын және орта бизнесті дамыту үшін финтех тәсілдерін пайдалануға болады, бұл мәселе бойынша тиісті ұсыныстар бар» деді.

Елімізде азаматтарды жұмыспен қамту және жеке кәсібін ашқысы келетіндерді жан-жақты қолдау бойынша көптеген бағдарламалар мен жобалар қабылданып жүзеге асырылуда. Түркістан облысында да ол бағдарламалармен мұқият жұмыс жасалып тұрғындарға түсіндіріліп, кәсіп ашқысы келгендерге жан-жақты қолдау жасалуда.

Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылы ауылшаруашылыққа бейім мекен. Онда жеміс-жидектің түр-түрі өсіріледі. Сол жеміс-жидектерді тиімді пайдалануды қолға алған көпбалалы Дияра Рустемова «Детокс бар ашу» жобасын жүзеге асырды. Ол мемлекеттен берілетін грант иегері атанып, қажетті құрылғыларды сатып алған.

Отбасылық кәсіпке айналған істен айына балғын шырындардың 3000-4000 данасын шығаруда. Шырындарды табиғи өнімдерден: кептірілген өрік, алма, каркаде, лимон, жалбыздан жасап өңдеуде. Сусындарды дүкендер мен тапсырыс берушілерге жеткізіп отырады.

«Бұған дейін медицина саласында жұмыс жасап келгенмін. Ауылға келіп балалы болғасын, тыныс-тіршілігіне әбден үйренгесін Астанаға қайтпай осында қалдық. Жұмыстан босап қалған соң жұмыссыздыққа тіркелдім. Мемлекеттің қолдауын естіп, өз жобамды ұсынып, қорғап шықтым. Соның арқасында кәсібімді сапалы түрде бастап кеттім» — дейді көпбалалы ана.

Шырын сусындардың ыдыстарын Қытай елінен алдыртуда. Ал, жеміс-жидектердің басым бөлігі өз ауласындағы бақшалардан алады. Болашақта кәсібін ұлғайтып, үлкен цех салуды көздейді. Сонымен қатар, қосымша құрылғылар мен ыдыс жасап шығаратын аппарат алуды жоспарлап отыр.

Кентау қаласында да мемлекеттік қолдаудың арқасында қайтарымсыз несие алып, өз кәсібін ашқандар қатары жыл сайын көбейіп келеді. Сондай жанның бірі Кентау қаласының тұрғыны, көпбалалы әке — Бақыт Ибраев. Ол биыл өзі ұсынған бизнес-жоспарын ойдағыдай қорғап, тиянақты жасалған бизнес жобасына кәсіпкер қайтарымсыз грант жеңіп алды. Оған ол шұжық жасайтын қажетті құрылғыларды сатып алған.

«Жаңа кәсіптің көзін тауып, бүгінде алға өрлеп келе жатқанына қуанам. Мемлекет тарапынан жасалған қолдау ісімді дөңгелетуде үлкен септігі тиді. Сұраныс та артып келеді. Болашақта химиялық қоспалары жоқ, нағыз еттен жасалатын шұжықтың көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырмын» — дейді кәсіпкер.

Кәсіпкер күніне 20-30 данаға дейін таза қара малдың етінен табиғи өнімнен шұжық жасап шығаруда. Қазіргі таңда қала және қалаға қарасты ауыл дүкендеріне ұсынады. Алдағы уақытта мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе өз кәсібін кеңейтіп, осы бағыттағы жұмыстарын әлі де дамытуды жоспарлап отыр.

Мемлекеттің тұрмысы төмен, аз қамтылған отбасыларға берілетін жәрдемдеріне сеніп отыра бермей екі бірдей көпбалалы азамат тәуекелге бел буып өздерінің жеке кәсіптерін мемлекеттің қолдау бағдарламасы арқылы бастап кетті. Қазіргі аяқалыстары жаман емес, ізденіп кәсібін кеңейтуге құлшыныс білдірсе мемлекет тағы да қаржылық қолдау жасайды.