ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН ТАҒЫ ТОҚСАН ПӘТЕРДІҢ КІЛТІ ТАПСЫРЫЛМАҚ

Мемлекет басшысы өзінің жыл сайынғы Жолдауларында, басқа да маңызды басқосуларда еліміздің дамуының деңгейін көтеруде халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартудың, азаматтардың қолайлы жағдайда өмір сүруінің маңыздылығын айтып келеді. Өйткені, басында ауызсуы, электр қуаты мен табиғи газы бар жайлы баспанасы, тұрақты жұмысы бар адам көңілі жайланып жұмысында өнімділік көрсететіні рас. Сол себепті де еліміздің барлық өңірлерінде, соның ішінде Түркістан облысында да бірінші кезекте тұрғындардың баспаналы болуын қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жоспарлы да тұрақты жүргізіліп келеді.
Жетісай ауданында тұрғындарға жыл басынан бері 167 әлеуметтік тұрғын үйдің кілті табысталған. Енді жыл соңына дейін тағы 90 пәтердің кілтін тапсыру жоспарланып отыр. Нақтырақ айтар болсақ, бүгінде Асықата кентінде 3 қабатты 54 пәтерлі, Қазыбек би ауылдық округі Қазыбек би елді мекенінде 2 қабатты 16 пәтерлі және Ш.Ділдәбеков ауылдық округінің Қызыл таң елді мекенінде 2 қабатты 16 пәтерлі арендалық тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Аудан әкімі Серік Мамытов жұмыс кестесі аясында аудандық мәслихат депутаты Марат Ділдәбековпен бірге Қызыл таң елді мекенінде болып, тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарымен танысты. Кәсіпкермен кездесіп, атқарылған жұмыстардың барысын, сапасын көрді.
«Құрылыс НҰРТАС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылыс жұмыстарын жүргізіп отырған 2 қабатты 8 пәтерлі 2 тұрғын үйдің жалпы аумағы 960 шаршы метрді құрайды. Мамырда басталған құрылыс жұмыстары қазан айында тапсырылады деп жоспарланып отыр. Бүгінде негізгі құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Жүргізілген жұмыстардың сапасына сенімді болу мақсатында отандық өнімдер пайдаланылған. Аталмыш тұрғын үйлердің ауласында талапқа сай балалардың ойын алаңшалары мен автотұрақ та іске қосылатын болады.
«Жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары барысында сапаға айрықша көңіл бөліңіздер» деді аудан басшысы.
Бұдан бөлек Мемлекет басшысы жолдауында айтқандай «білім беру және денсаулық сақтау салаларының нысандары да көптеп салынып жатыр. Оның ішінде мемлекеттік пилоттық жоба «Жайлы мектеп жобасы бойынша да Түркістан облысында 63 мектеп ғимараты салынуы межеленген.
Жетісай ауданында «Жайлы мектеп» жобасы аясында Асықата кентінен 900 орындық, Жетісай қаласынан 1500 орындық, Ынтымақ ауылдық округінен 600 орындық мектептердің және 2 амбулатория мен 4 фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы жүргізіліп жатса, 1 мектеп күрделі жөндеуден, 5 мектеп пен 3 балабақша ағымдағы жөндеуден өтуде. 6 мектептің жылыту қазандықтарын қатты отыннан табиғи газға қосу жоспарланған. Сондай-ақ Қарақай ауылдық округіндегі Сәтпаев, Жаңа ауыл ауылдық округі Мырзашөл елді мекендеріндегі мәдениет үйлері күрделі жөндеуден өтуде.