БЮДЖЕТ ЕСЕБІНЕН 500-ГЕ ЖУЫҚ НЫСАННЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ 

0
60

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты қазақстандықтарға Жолдауында халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуде байыпты жұмыс жасалуын айта келіп «Ешкім де бәрін табан астында өзгерте алмайды. Жылдар бойы шешімін таппай келген мәселелер бар. Біз ештеңені жасырмай, бәрін бүкпесіз ашық айтамыз. Қаншалықты күрделі болса да, барлық мәселені жүйелі әрі батыл түрде шешіп келеміз.

Алдымызда ауқымды жұмыс тұр. Тұрақты әлеуметтік-экономикалық өрлеуді қамтамасыз ету, азаматтардың жасампаздық әлеуетін толық ашу және халықтың әл-ауқатын арттыру – мемлекеттің маңызды міндеті.

Біз қиындықтарға мойымай, барлық мәселені біртіндеп, байыппен шешуіміз керек. Мұның бәрі халықтың тұрмыс-тіршілігіне ғана емес, қазіргі бұлыңғыр замандағы еліміздің тағдырына да тікелей әсер етеді» деді.

Тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ету үшін «Қуатты –ңірлер – Ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аймақтарда жүзеге асырылуда. Ол жолда бірінші кезекте халықтың жайлы да қолайлы өмір сүруіне жағдай жасалуы қажет. Ол үшін білім беру, денсаулық сақтау және басқа да әлеуметтік мәселелерді арнаулы республикалық бағдарламалар мен жобалар арқылы, сол сияқты жергілікті бюджет есебінен жоспарлы түрде тиімді де нәтижелі етіп шешуді ұйымдастыра білу маңызды.

Түркістан облысы білім, мәдениет, денсаулық сақтау және әлеуметтік нысандар салып, пайдалануға тапсырудан республикада көш бастап келеді. Әрбір аудан, қаланың елді мекендерінің жай-күйі сарапталып, тиісті құрылыс жұмыстары қарқынды әрі жүйелі түрде жүріп жатыр. Аталған саладағы жұмыстар облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде тағы да сарапталды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды биылға жоспарланған құрылыс нысандарын уақтылы әрі сапалы аяқтауды тапсырды.

– Әрбір құрылыс нысанындағы жұмыстар бақылауда болсын. Қадағалаңыздар. Уақтылы әрі талапқа сай тапсырылуы тиіс. Бұл нысандар елдің сұранысына және өңірдің даму жоспарына сәйкес салынып жатыр. Маған бос уәде емес, нақты жоспар, жұмыс қажет. Әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер өңір тұрғындарының тұрмыс сапасы мен әлеуетін көтеруге серпін береді. Сондықтан ел қазынасына салынып жатқан әрбір ғимарат жауапкершілікпен салынуы қажет, – деген Дархан Сатыбалды жауаптыларға жұмысты ширатуды жүктеді.

Түркістан облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиевтің айтуынша, Құрылыс басқармасы мен аудан, қала әкімдіктерінің тапсырысымен қолға алынған бюджеттік инвестициялық жобалар саны – 485. Оның 22-сі пайдалануға берілген. Қаржысы толық шешілген жағдайда жыл соңына дейін тағы 396 нысан құрылыс аяқталса, 67-сі 2025 жылға өтпелі. Өңірде 21 білім нысанының құрылысы қолға алынып, оның 4-еуі тапсырылған. Жыл соңына дейін 10 білім нысаны тапсырылады, 7-еуі келесі жылға өтпелі.

Денсаулық сақтау нысанында 94 нысанның құрылысы жоспарланса, оның 3-еуі тапсырылған, жыл соңына дейін тағы 90-нын тапсыру көзделген. Бұл ретте «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 49 жоба жүзеге асуда. Облыста 3 әкімшілік ғимаратының құрылысы аяқталса, жыл соңына дейін үшеуі ел игілігіне берілмек. Сонымен бірге құрылысы жүріп жатқан 12 мәдениет нысанының 4-еуі биыл ашылса, 23 спорт нысанының 3-еуі берілген. Жыл соңына дейін 10 спорт нысаны беріледі.

Тұрғын үй, инфрақұрылыммен қамту жұмыстары да қарқынды. Аймақта 221 үй, 2469 пәтердің құрылысы жүріп жатыр.