ҚҰМАР ОЙЫННАН ЖАСТАРДЫ САҚТАНДЫРУ ШАРАЛАРЫ ЖАСАЛДЫ

Жас ұрпақтың теріс жолға түсіп, нашақорлық, лудомания, тағы басқа да дерттерге душар болуы мемлекеттің болашағына балта шапқанмен бірдей. Сондықтан да Қазақстан Республикасында балалардың қауіпсіздігінен бастап жастар туралы саясатта да жас ұрпақтың, тіпті ересек азаматтардың қоғамға қауіпті, өз отбасына қасіретті жаман әдеттерден аулақ болуын қамтамасыз ету өте маңызды да жауапты іс.
Сол себепті де биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев лудоманияға қарсы күресті күшейту бағытындағы заңға қол қойған болатын. Заңда букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамаларына шектеу қойылды. Атап айтқанда, букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды сыртқы (көрнекі) жарнамасына, сондай-ақ олардың қызметін көлік құралдарында, бұқаралық ақпарат құралдарында, кино, видео және анықтамалық қызмет көрсету орындарында жарнамалауға тыйым салынған болатын. Түркістан облысында осы бағытта заңдылықтардың сақталуын тексеру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Арыс қаласы бойынша лудомания немесе ойын бизнесімен күрес мақсатында Арыс қалалық ішкі саясат бөліміне қарасты «Жастар ресурстық орталығы», Арыс аудандық прокуратурасы, Арыс аудандық полиция бөлімімен бірлесіп, рейдтік, зерделеу жұмыстарын жүргізді. Кәсіпкерлерге жаңа заңның талаптары түсіндірілді.
«Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі 2024 жылдың 9 айында жастар мен жасөспірімдер арасында лудоманияның алдын-алу профилактикалық жұмыстары бойынша 11 іс-шара ұйымдастырды. Ол іс-шараларды атап көрсетер болсақ: Арыс қаласындағы мектептерде жоғарғы сынып оқушылары арасында кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер арасында «Сен өзгерсең – сенің әлемің де өзгереді», «Құқықбұзушылықтың алдын алу» және «Тәрбие тал бесіктен басталады» тақырыптарында семинар-тренингтер және түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Сонымен бірге «Құмар ойынға құмартпа» тақырыбында кино көрсетіліп, «Лудомания – қоғам дерті» атты семинар-тренинг ұйымдастырылған.