ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ БОЙЫНША МӘЖІЛІС ӨТТІ

Мемлекет басшысының алға қойған міндеттерін орындау мақсатында Түркістан облысының өңірлерінде жан-жақты жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Ол атқарылып жатқан жоспарлы жұмыстардың барлығы да жергілікті әкімдердің қатаң бақылауында. Аудан басшылары жұмыс барысын жиі қадағалап, мәжілістерөткізіп, жауапты орындаушылар мен бақылаушылардан жоспарлы жұмыстың орындалуына байланысты есеп алып, кешіліктер болса түзетуді, жұмысты мерзімінде орындауды тапсырып, қадағалап отырады.
Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаевтың төрағалығымен ауданның экономикалық дамуы бойынша мәжіліс өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Н.Талипов, ауданның экономика және қаржы бөлімі басшысы Ғ. Мейманбаев , аудандық статистика басқармасының басшысы Ғ.Нұрбаев , ауданның кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы А. Амирхановтар қатысып, негізгі экономикалық көрсеткіштерді баяндады.
–Ауданның экономикалық көрсеткіштерді жақсарту бағытындағы индикаторларды 100 пайыз орындалуы тиіс. Жаңа жұмыс орындары мен кәсіпорындар ашуға басымдық берілсін. Құрылыс, ауыл шаруашылығы және өзге де салалардағы жұмыстар күшейтілгені жөн. Әр экономикалық көрсеткіштер туралы сандардың артында тұрғындардың, өңірдің әлеуметтік мәселесі тұр, – деді Арман Абдуллаев.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі орынбасары Н. Талиповқа әр сала бойынша тұрақты бақылау жүргізуді. Жалпы, аудандағы көрсеткіштер жоспарға сай орындалу бойынша жұмыстарды ширатуды бөлім басшыларына тапсырды.
Мемлекет басшысының кәсіпкерлікті дамыту бойынша берген тапсырмасына сәйкес өңірлерде, оның ішінде Түркістан облысында атқарылып жатқан жұмыстар нәтижелі. «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында ауданның осал топтағы азаматтары пилоттық жоба бойынша жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған грант қаражатын алып, құлпынай көшеттерін егіп, өнім алуда.
Ауданға қарасты Жартытөбе ауылдық округі, Төңкеріс елді мекенінің тұрғындары арасынан 2023 жылдың маусым айында пилоттық жоба бойынша 40 әлеуметтік осал топтың азаматы, нақтырақ айтсақ, 11 атаулы әлеуметтік көмек алушы, 2 ерекше бала күтуші, 3 мүмкіндігі шектеулі азамат, 24 көп балалы отбасы жалпы грант иегері атанды.
Жалпы 40 азаматтың әрқайсысы бизнес идеясын жүзеге асыру үшін жалпы көлемі 6 гектар егістік алқапқа 480 000 дана көшет отырғызып, жиым терім маусымында 180 000 кг құлпынай өнімі алынды. Жартытөбе ауылдық округі құлпынай өсіруге өте қолайлы мекен болып табылады. Мемлекеттік қайтарымсыз грант алған әр адам құлпынай өнімін алып, еліміздің түкпір-түкпіріне саудалап отбасының табысын арттырып, кәсіптерін дөңгелетуде.
Ауданда автокөлік жолдарының сапасын жақсарту бойынша оң істер жалғасын табуда. Атап айтқанда, Қызылжар ауылдық округіне қарасты Қазыбек би, Әйтеке би, Достық, Жеңіс көшелеріне жалпы ұзындығы 1,9 шақырымды және жалпы ұзындығы 2,8 шақырымды құрайтын О.Есенбеков, И.Жансүгіров, Мекенбай ата көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жергілікті бюджеттен қаржы қаралып, асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде.
Осы тұста, аудан әкімі Арман Абдуллаев асфальт төсеу жұмыстарының барысын қадағалап қайтты. Сондай-ақ, жол құрылысын жүргізіп жатқан мердігер мекемеге асфальт төсеу жұмыстарының сапалы болуын және белгіленген уақытта халық игілігіне берілуін тапсырды.
Айта кетсек Қызылжар ауылдық округі бойынша жергілікті бюджет есебінен жалпы ұзындығы 7,3 шақырымына оратша жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.