ТҮРКІСТАНДЫҚ ҮШ БОКСШЫ АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫНАН ЖҮЛДЕЛІ ОРАЛДЫ

0
81

Мемлекет басшысы өзінің биылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» деп аталатын Жолдауында «Баршаңызға мәлім, мен бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріп отырмын. Жастарымыз дені сау, мықты азамат болып өсуі керек. Сондықтан ұлт саулығын сақтау үшін бұқаралық спорттың маңызы айрықша. Жақында мен Олимпиадаға қатысушылармен кездестім, спорттағы нақты міндеттер мен басымдықтарға тоқталдым.
Шын мәнінде, бұл саладағы заңнаманы жаңартатын кез келді деп ойлаймын. Заңға енгізілетін өзгертулер бұқаралық спорт пен балалар спортын дамытуға зор серпін береді. Сондай-ақ болашақ жеңімпаздар шоғырын даярлауға жол ашады. Депутаттар осы маңызды заң жобасына айрықша мән бергені жөн деп санаймын» спорт саласының әрдайым өзінің назарында екенін айтты. Сол сияқты спортты дамытуға барлық өңірлерде баса назар аударылуы қажеттігін көрсетті. Сонда ғана қазақстандық спортшылар әлемдік, халықаралық, олимпиадалық жарыстарда жерге қарап қалмай, еліміздің кқк байрағын көкте желбірететін болады. Әр спорттағы жетістіктер арқылы жас ұрпақ салауатты өмір салтын ұстануға дағдыланып, денсаулығын сақтап, шымыр болу үшін спорт арқылы шынығып өсетін болады.
Түркістан облысында балалардан бастап барлық деңгейдеі жастар мен бұқаралық спорт түрлерімен айналысатын ересектерге де мүмкіндігінше барлық жағдай жасалынуда. Оны Таяуда Біріккен Араб Әмірліктерінің Әл-Айн қаласында өткен Азия чемпионатына қатысқан жасөспірімдеріміздің жетістіктерінен де байқауға болады.
Бокстан Біріккен Араб Әмірліктерінің Әл-Айн қаласында жасөспірімдер мен кіші жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында қола жүлдегер атанған Анеля Ордабек Арысқа оралды.
Боксшы ару қыз бен бапкері Олжас Бақытжанды қала әкімінің орынбасары Алмаз Сұлтанов пен спортшы арудың анасы мен жақындары, спортсүйер көпшілік пен қала белсенділері, мектеп директоры мен ұстаздары, сыныптас-достары Дендросаябақ алдындағы Паравоз алдынан сән-салтанатпен күтіп алды.
Саябақ маңы бұл уақытта той-думанға ұласты десек қателеспейміз. Қуаныш үстінде шашу да шашылып, қала халқы қазақтың бауырсағын ұсынды. Қала намысын ту еткен боксшы құрметіне қалалық мәдениет үйінің қызметкерлері қошемет көрсетті.
Арыстың атын күллі Азияға асқақтатқан боксшы аруға әкім орынбасары алғысын жеткізді.
«Арыстық спортшылардың шеберлігі мен кәсіби деңгейі қала мерейінің үстем болуына айрықша ықпал етуде. Спортшыларымыз келешекте де қала намысын биікке көтереді деген сенімдемін. Қала әкімі атынан, барша арыстықтар атынан алғысымды білдіремін», – деді Алмаз Советұлы.
Жиынға қатысқан қала халқы да жүлдегер арумен естелік суретке түсіп, ізгі тілектерін арнады.
Сол сияқты 2024 жылдың 29 тамыз бен 9 қыркүйек аралығында Біріккен Араб Әмірлігінде жастар және жасөспірімдер арасында бокстан өткен Азия чемпионатынан қос бірдей мақтааралдық жасөспірім де жүлделі оралды. Чемпионатқа Қазақстанның ұлттық құрама командасының сапында Мақтаарал ауданының екі спортшысы Тұрлыбай Ерубай және Мұхит Айсұлу өнер көрсетті. Әлемнің 26 мемлекетінен 500-ге жуық боксшы қатысқан байрақты бәскеде мақтааралдық боксшылар қарсыластарын айқын басымдылықпен жеңіп, Тұрлыбай Ерубай 80 келі салмақ дәржесінде ақтық бәсекеде өзбек елінің боксшысын жеңіп Азия чемпионы атанды. Ал, Мұхит Айсұлу 66 келі салмақ дәржесінде қола жүлдені иеленді.