ОРТАҚ ЖЕҢІСТЕ ТҮРКІСТАНДЫҚТАРДЫҢ ДА ҮЛЕСІ МОЛ

Дүниежүзінде адамзаттың дамуына, өркениеттің қалыптасуына негізін түркі халықтары құрайтын көшпенділер қауымының қосқан үлесі орасан зор екені тарихтан белгілі. Сондықтан да, биылғы Астанада ұйымдастырылып отырған Дүниежүзілік көшпенділер ойынына келген жүзден астам делегацияның сопртшылары мен мыңдаған ойынды қызықтауға келген туристерге көшпенділердің тарихи отанын мекен етуші, күні бүгінге дейін көшпенділіктің дәстүрлерін сақтап келе жатқан қазақ халқының рухани-мәдени, өнері мен әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін көрсетіп, насихаттау да ұйымдастырылған.
Бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында құрылған қазақ ауылына келушілер қатары көп. Бір апта бойы өңірлердің киіз үйіне келген қонақтарға қазақтың ұлттық салт дәстүрлерімен қатар, бай тарихы таныстырылып жатыр.
Түркістан облысының киіз үйлеріне ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары Жанарбек Әшімжан, Қазыбек Иса бастаған ел ағалары, Түркі елдерінің Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, ақын Мақпал Мыса сынды қаламгерлер және т.б. еліміздің зиялы қауым өкілдері, сонымен қатар шетелдік БАҚ өкілдері мен туристер де бас сұғып, тарихи мұрамызбен танысты.
12 қанатты киіз үйде Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейі 375 дана этнографиялық құнды жәдігер қойған. Олардың қатарында құнды жәдігер Кенесары ханның қылышы, сонымен қатар киіз үйдің жиһаздары, әшекей бұйымдар, қару-жарақтар, кесе қаптар тағы басқа да жәдігерлер бар.
Түркістан облысының тағы бір киіз үйі ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрып көріністеріне арналған. Мұнда Отырар халық театры «Беташар» дәстүрінен бөлек, дәстүрлі және халық әндерін шырқауда. Ұлы композитор Шәмші Қалдаяқовтың туындыларын көпшілік қосыла шырқап, ризашылықтарын білдіріп жатыр.
Келесі киіз үйде өңірдің өнімдері мен туристік әлеуеті таныстырылып жатыр. «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы «Шығыс базары» көрмесін көпшілік назарына ұсынуда. Онда үздік кәсіпкерлердің тауарлары мен қолөнершілердің бұйымдары қойылған. Сонымен қатар облыстағы ірі қонақүйлердің ақпараттық топтамалары да жарнамаланып жатыр.
Бұдан бөлек, түркістандық қолөнер шеберлері өз бұйымдарын арнайы көрме-жәрмеңкеде көпшілік назарына ұсынып жатыр. Елімізден бөлек, шетелдік қонақтарымыз өңір тарихымен танысып, қызығушылық білдіріп жатыр.
Айта кетейік, Астанадағы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 8-13 қыркүйек аралығында өтті. 7 қыркүйектен бастап Этноауылдағы «Көшпенділер әлемі» өз жұмысын бастап, дархан даланың мұрасын көпшілікке таныстырды.
Астана төрінде өткен Дүниежүзілік Көшпенділер ойынында қазақстандық 450 шебер Аламан құрақ көрпешесін құрау бойынша әлемдік рекорд орнатып, тарихи оқиға орын алды. Солардың ішінде, Түркістан облысы, Созақ ауданы, Шоқан Уәлиханов атындағы жалпы білім беретін мектептің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Ақбілек Байтемірқызы бар. Созақтық мұғалім өте күрделі саналатын «Гаухартас», «Сынық мүйіз», «Аламан» құрақ техникалары бойынша 11200 шаршы метр болатын көрпеше құрау бойынша рекорд орнатушының бірі болып тіркеліп, «КИНЭС» қазақстандық рекорд кітабына енді.
Айта кетейік, 8-14 қыркүйек аралығында Астана қаласында өткен этникалық іс-шараға әлемнің 89 елінен 4000-ға жуық спортшы қатысуда. Бұл күндері спорттың 20-дан астам түрінен бөлек, түрлі халықаралық дәрежедегі мәдени шаралар да өтті. Шараның мақсаты — ұлттық спортты дәріптеу, туризмді және этномәдениетті дамыту.
Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аяқталды. Дүбірлі сында Қазақстан ұлттық құрамасы айқын басымдықпен көш бастады. Ортақ жеңіске Түркістан облысының өрендері айрықша үлес қосып, 30-ға жуық медаль еншіледі. Нақтырақ айтқанда, 16 алтын, 8 күміс және 5 қола медаль олжалады. Айрықша айтып кетейік, 16 алтынның 10-ын Төлеби ауданының сайыпқырандары иеленіп, ұлттық спортта көш басында екенін көрсетті.
Чемпиондарға тоқталсақ, қазақ күресінен әйелдер арасында барлық қарсыласының жауырынын жерге тигізген түркістандық ару Айжан Жылқыбаева, алыптар сайысында Арыс қаласының бетке ұстары Азамат Мақұлбеков әлемнің 16 елінен келген апайтөс алыптарды қапы қалдырып, жеңімпаз болды. Жамбы атудан үш бірдей спортшы мергендігімен көзге түсіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Жамбы атудың Азия стилінен Батыр Бексауыт топ жарса, Түркі стилінен Ералхан Айкөз чемпион болды. Ал төрт түркістандық көкпаршы ұлттық құрамада өнер көрсетіп, алтыннан алқа тақты. Қоса кетейік, теңге ілуден Рахат Қамбаров барлық теңгені іліп, жеңістің шыңын бағындырса, шапшаңдық пен ойлау қабілетін талап ететін зияткерлік ойын түрі овариден Әсел Далиева барлық қарсыласынан айласын асырып кетті. Жеңісті жолды асық атудан Айтқұлов Амандос жалғап, алтыннан алқа тағып, ел мерейін асқақтатты.