ВОЛЕЙБОЛДАН СОЗАҚТЫҚ СПОРТШЫЛАР ЧЕМПИОН АТАНДЫ

Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев таяуда жариялаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында едліміздің азаматтарының, оның ішінде жас ұрпақтың денсаулықтарын сақтау мен спортпен шұғылдануға тарту бойынша жұмысты жетілдіре түсу қажеттігін айта келіп «Баршаңызға мәлім, мен бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріп отырмын. Жастарымыз дені сау, мықты азамат болып өсуі керек. Сондықтан ұлт саулығын сақтау үшін бұқаралық спорттың маңызы айрықша. Жақында мен Олимпиадаға қатысушылармен кездестім, спорттағы нақты міндеттер мен басымдықтарға тоқталдым.
Шын мәнінде, бұл саладағы заңнаманы жаңартатын кез келді деп ойлаймын. Заңға енгізілетін өзгертулер бұқаралық спорт пен балалар спортын дамытуға зор серпін береді. Сондай-ақ болашақ жеңімпаздар шоғырын даярлауға жол ашады. Депутаттар осы маңызды заң жобасына айрықша мән бергені жөн деп санаймын» деп заңды да жетілдіруді ұсынды.
Түркістан облысында бұқаралық спортты дамытуда жоспарлы түрде нақты жұмыстар жасалынып, жыл бойы әртүрлі көптеген жарыстар ұйымдастырылып, оларға неғұрлым көп адамның қатысуын қамтамасыз етуге күш салынады.
Қыркүйек айының 11-13 күндері аралығында Мақтаарал ауданында Түркістан облысының құрылғанына 6 жыл толуына орай ересектер арасында волейболдан Түркістан облысының VI Спартакиадасы болып өтті.
Аталған сайыста Созақ ауданының құрама командасы ұлдар арасында волейболдан өткен жарыста кезекті рет қарсылас командалардан басым түсіп, Түркістан облысының чемпионы атанды. Созақтық спортшылар бұған дейін 6 жылдың ішінде 4 рет чемпион атанса, оның үшеуі сонғы үш жылда қайталанып отыр. Сайыс нәтижесі бойынша екінші орынға Түлкібас ауданы тұрақтап, жүлделі үшінші орынды Жетісай ауданы місе тұтты.
Аталмыш Спартакиадаға облысымыздың Мақтарал, Келес, Сарыағаш, Шардара, Бәйдібек, Созақ, Арыс, Түркістан, Отырар, Төлеби, Қазығұрт, Сайрам, Түлкібас, Жетісай аудандарынан жалпы 14 команда қатысты.