АЛҒАШ РЕТ ТӘЖІКСТАН ЕЛІНЕ ЕТ ЭКСПОРТТАЛДЫ

0
72

Мемлекеттің ауыл шаруашылығын дамыту, инвестиция тарту арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттырып сапасын жақсарту бойынша тапсырмалары Түркістан облысында нәтижелі іске асырылып жатыр. Мұнда төрт түлік малды бағып санын көбейту, тұқымын асылдандыру, бордақылау жұмыстары жақсы жолға қойылған.

Таяуда Түркістан облысынан Тәжікстан еліне алғаш рет ет экспортқа жөнелтілді. Осыған дейін Сайрам ауданындағы «Қайып ата» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен Тәжікстан елі арасында 110 тонна ет экспорттау бойынша келісімшарт жасалған болатын. Бүгін 110 тоннаның 16 тоннасы жөнелтілді. Келісімшарт бойынша жұмыстар қыркүйек айынан басталды.

Аталған кәсіпорын еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға өз үлесін қосып келеді. 2023 жылы Өзбекстан еліне 4500 тонна ірі қара етін экспорттады. Сонымен қатар Иран мемлекетіне 140 тонна ұсақ мал етін жөнелтті. Ал биыл 5000 тонна ірі қара мал етін экспорттауды жоспарлап отыр. Жыл басынан бері «Қайып ата» ЖШС Өзбекстан еліне 2 945 тонна сиыр етін және 12 тонна қой етін, Иранға 118 тонна қой етін экспорттап үлгерді.

Бұдан бөлек, «Қайып ата» ЖШС Аустралия елімен бірлескен 3 ірі инвестициялық жобаны қолға алмақ. Атап айтқанда, 2025 жылы Арыс қаласында 25 мың ІҚМ басына арналған бордақылау кешені іске қосылса, 2025 — 2026 жылдары Сайрам ауданында «1500 басқа арналған ірі қара малды сою және өңдеу» және «Мал сату биржасы» жобалары жүзеге асырылады.

Айта кетейік, Түркістан облысы ет экспорты бойынша елімізде жетекші орында тұр. Экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің 80 пайызы, қой етінің 75 пайызы облыстың еншісінде.

Аграрлық салаға көрсетілген мемлекеттік қолдау мен атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде Түркістан облысында мал шаруашылығы тұрақты даму үстінде. Еліміздегі ірі қара мал санының 13 пайызы, қойдың 22 пайызы, жылқының 11 пайызы, түйенің 19 пайызы, өндірілген еттің 11 пайызы, сүттің 13 пайызы өңірдің үлесінде. Бүгінгі таңда облыста 1 млн. 120 мың бас ірі қара мал, 5 млн. 34 мың бас қой, 474,7 мың бас жылқы, 43,9 мың бас түйе, 2 млн. 167 мың бас құс бар.

Облыста 7 айда 112,8 мың тонна ет, 280,2 мың тонна сүт, 143,6 млн. дана жұмыртқа өндірілді. Ет экспорты бойынша Түркістан өңірі республикада көш басында. Экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің 80%, қой етінің 75% облыстың еншісінде. Биылғы 7 айда 6,9 мың тонна ІҚМ, 4,7 мың тонна қой еті экспортқа шығарылды.

Мал шаруашылығы өнімдерінің экспорттық көлемін ұлғайтуда өңірде бордақылау алаңдары мен кешендерін жүйелі дамыту оң септігін тигізіп отыр. Облыста жалпы 9183 ірі қара мал бордақылау алаңы бар. Оның ішінде, 400 бастан — 1000 басқа дейін 13 бірлік, 1000 бастан жоғары 22 бірлік мал бордақылау алаңында 35 мың бас ІҚМ бордақылануда.

Ет экспортын арттыруда Сайрам ауданы кәсіпкерлерінің жұмысын ерекше атап өтуге болады. Атап айтқанда, 8 айда «Тұран Агро Ет-Сүт» АШӨК-і 3500 тонна сиыр етін және 1560 тонна қой етін Өзбекстан еліне экспорттаса, «Қайып ата» ЖШС 2 945 тонна сиыр етін және 12 тонна қой етін Өзбекстанға, 118 тонна қой етін Иранға экспорттады. «Қайып ата» ЖШС Тәжікстанмен 110 тонна ет экспорттау бойынша келісімшарт жасады. Экспорт осы айдан бастап жүзеге асырылады.

Республикалық делегацияның Австралия еліне жасаған іссапары қорытындысымен жалпы құны 55,2 млрд. теңгеге 5 ірі инвестицялық жобаны жүзеге асыру көзделуде. Соның ішінде «Қайып ата» ЖШС 3 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асырмақ.

Атап айтқанда, 2025 жылы Арыс қаласында 25 мың ІҚМ басына арналған бордақылау кешені іске қосылады. Ал 2025-2026 жылдары Сайрам ауданында «1500 басқа арналған ірі қара малды сою және өңдеу» жобасы мен «Мал сату биржасы» жобасы жүзеге асырылады.