ЖЕРГІЛІКТІ ӘКІМДІК ПЕН МӘСЛИХАТТЫҢ ҚҰЗЫРЕТТЕРІ КЕҢЕЙЕДІ

Әлемдегі түркі халықтарының киелі де қасиетті қаласы саналатын, ислам діні өкілдері үшін екінші мееке ретінде бағаланатын, қазақ халқы үшін сонау ықылым замандардан бері көптеген тарихи сын кезеңдерде жол табуға септік еткен бас қалаларының бірі, Қазақ хандығының 200 жылдай астанасы болған Түркістан қаласы облыс орталығына айналған соң қайта жаңғыруын бастады. Бүгінде қаланың аумағы үлкейіп, архитектуралық-сәулеттік бейнесі шырайланып, ерекшеленіп, қаланың өнеркәсібі мен басқа да салалары қарқынды дамып, рухани-мәдени, спорттық нысандары көбейіп, қала тұрңындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының деңгейі жоғарылап келеді. Сол себепты де қалаға ерекше мәртебе берілуде. Сонымен қоса қала әкімдігі мәслихатына да қосымша құзыреттер беру қарастырылған.
Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінде «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заң жобасы таныстырылды. Аталған заң жобасын депутаттарға Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков таныстырып, халық қалаулыларының сұрақтарына жауап берді.
Заң жобасы Мемлекет басшысының 2022 жылғы 27 қыркүйектегі Түркістан облысына сапарында берген тапсырмасына және 2023 жылғы 10 сәуірдегі қарарына сәйкес әзірленген. Оны әзірлеуге Түркістан қаласының Түркі мемлекеттері ұйымы мен түркі әлемінің рухани астанасы ретінде танылуы да негіз болды. Сонымен бірге қаланың тарихи келбетін және оның аумағында орналасқан тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау қажеттілігі, Түркістан қаласының халық санының тез өсуі де негіз болған. Соңғы 6 жылда халық саны 60 мыңға өсіп, қазір 233 мыңнан асты. Сондықтан да, ерекше мәртебе алған қаланың атқарушы органы мен мәслихатына қосымша құзыреттер беріліп отыр.
Заң жобасы аясында Түркістан қаласының әкімдігі мен мәслихатына қосымша 34 құзыретті беру көзделген. Осылайша, қала мәслихатына 7 құзырет берілмек. Олар:
— қала құрылысы регламентін мен қаланың дизайн кодын;
— Сәулет келбетін қалыптастыру және қала құрылысын жоспарлау қағидаларын, тарихи, ландшафттық-табиғи, функционалдық, жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып, қаланың сәулет келбетін қалыптастыру және қала құрылысын жоспарлау тәртібін айқындайды;
Ұлттық қолөнер саласындағы шеберлер шығындарының белгілі бір бөлігін бюджеттен өтеу қағидаларын (өтемақы мөлшері 10%-дан 25%-ға дейін) қарастырады. Бейнебақылау мониторингін жүргізу қағидаларын; Көпшілікті тамақтандыру, сауда және қызмет көрсету стационарлық емес объектілерін, жазғы алаңдарды орнату қағидаларын айқындайды. Түркістан қаласының аумағында нышанды (қаланың эмблемасы мен таңбасы) пайдалану тәртібін бекітеді.
Қала әкімдігіне 27 құзырет беріледі, олар негізгі 3 бағытқа бөлінген. Бірінші бағыт қаланың мәдени игілігі мен рухани дамуын сақтау мәселелерін реттеуге, сондай-ақ тарихи-мәдени мұра объектілерінің сақталуын қамтамасыз етуге бағдарланған. Осы міндеттерді іске асыру үшін Түркістан қаласының әкімдігіне құзыреттер беріледі. Мәселен, қала әкімдігі маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштердің пайдаланылуына және оларды күтіп-ұстау тәртібіне мемлекеттік бақылауды жүргізеді. Жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің пайдаланылуын және оларды күтіп-ұстау тәртібін; жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстардың және археологиялық жұмыстардың жүргізілуін бақылауды қамтиды. Жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштердің ғылыми реставрация жұмыстары бойынша ғылыми-жобалау құжаттамасын келісу және тағы басқа мәселелерді реттейді.
Екінші бағыт кесене айналасындағы құрылыс стандарттарын және қала аумағында бірыңғай құрылыс стилін қолдануға бағдарланған. Қала әкімдігі қаланың дизайн кодын және қала құрылысы регламентін әзірлейді. Қаланың дизайн коды әзірленіп, сәулетіндегі бірізділік сақталады.
Үшінші бағыт туристік қызметке жәрдемдесу мәселелерін реттеуге және оны дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға, туристік орындардың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін көлік және инженерлік инфрақұрылымды бейімдеуге бағдарланған. Кәсіпкерлік субъектілерінің туристік қызмет объектілерін салу және реконструкциялау, сондай-ақ жол бойындағы сервис бойынша шығындарының бір бөлігін өтеу қаралады. Туристік қызмет субъектілеріне әдістемелік және консультативтік көмек көрсету, туризм инфрақұрылымын дамыту шаралары қабылданады.
Сонымен қатар Министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе Заң жобасын әзірледі. Заң жобасымен Жер кодексіне, «ҚР сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы», «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы», «ҚР туристік қызмет туралы» ҚР заңдарына өзгертулер мен толықтырулар енгізу көзделген.