ЖЫЛУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ ПЫСЫҚТАЛДЫ

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жаз айының басынан бастап алдағы жылдың жылыту маусымына байланысты дайындық жұмыстарын жүргізуді бақылауына алған болатын. Өйткені, жергілікті атқарушы орган ретінде әкімдіктерінің басты міндеттерінің қатарына сол аумақта өмір сүріп жатқан азаматтардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының жайлы, өмірінің қолайлы болуын қамтамасыз ету. Сонымен қатар тұрғындарға қызмет етуші әлеуметтік нысандардың да жылыту маусымына сақадай сай дайындықпен түсуін қамтамасыз ету болып табылады.
Созақ аудандық әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Мұхит Тұрысбековтің төрағалығымен жиын өтті. Жиынның күн тәртібінде жылу беру маусымына дайындық жұмыстарының барысы қаралып, бұл бойынша атқарылып жатқан жұмыстар пысықталды.
Аудан басшысы жауаптыларға аурухана, білім ошақтары, мәдени нысандар мен әлеуметтік орталықтардың жылу жүйесіне жүріп жатқан техникалық тексеру жұмыстарын аяқтап, орын алған осал тұстарын жоюға бағытталған шараларды ширата түсу қажеттігін айтты.
Сондай-ақ Таукент және Қыземшек кенттеріндегі орталықтандырылған жылу қазандықтарында жүріп жатқан жұмыстарға да тоқталып өтті. Жылуға қатысты шараларға немқұрайлы қараған басшылардың мәселесі қаралатынын қатаң ескертіп, жұмыс барысы жіті бақылауда екенін жеткізді.