МАҚТААРАЛДА ӘЙЕЛДЕРГЕ АРНАЛҒАН СЕМИНАР ӨТТІ

0
54

Мемлекетіміз отбасының берекесі әйел-аналарға жан-жақты қолдау жасауды жолға қойған. Ана мен баланы қорғау, отбасындағы жорлық-зомбылықтан қорғау мен алдын алу, гендерлік саясат арқылы әйелдер мен еркектердің құқықтарын, міндеттерін белгілеп, теңсіздікті жою, әйелдердің билік тармақтарында санын арттыру сияқты көптеген мәселелер бойынша арнайы заңдар мен шешімдер қабылданыған. Сол сияқты мемлекеттік ұлттық құндылықтарға оның ішінде отбасылық құндылықтарды қайта жаңғыртуға, заманауи талаптарға сай жетілдіруге, қазақ халқының тарихындағы әйел-ана бейнесін насихаттау, ұлтымыздың әйел-ана мен қыз баланы құрметтейтін әдет-ғұрыптарын жаңғырта отырып жетілдіру сияқты көптеген мәселелерді шешуді, жүзеге асыруды қолға алуда.
Халқымыздың исламға дейінгі, тіпті мұсылмандықты қабылдағаннан кейінгі кезеңдердегі тарихында әйел мәртебесі әдеттегідей жоғары да құрметті болған. Тек кейінгі кезеңдерде әсіредіншілдік пен бұрмалаушылықтардың кесірінен бүгінде кейбір отбасылар мен орталарда әйелдердің құқықтары төмендетіліп, кемсітіліп барады. Сонымен бірге, европалықтарға еліктеуден әйелдер өзінің бала табу, отбасының ұйытқысы болу сияқты қасиетті міндеттерінен жеріп, ашық-шашық киінуге қоса отбасылық құндылықтарды сақтамауды да шығарды. Осындай сырттан әкелініп жатқан теріс те қазақ табиғатына жат әдеттердің кесірінен қоғамдағы бірлікке сызат түсіп, ұлттық, отбасылық құндылықтарымыз ұмытылып, отбасылардың беріктігі әлсірей бастады.
Мемлекеттің негізі саналатын отбасының берік болуы, шаңырақтың шайқалмай, әр жанұяда адамзаттың құндылықтарынан бастап заманауи тәрбие ұлттық құндылықтарды негізге ала отырып берілуін қамтамасыз ету елдімігіміздің іргетасын нығайту, болашағын жарқын етуге бастайды.
Мақтаарал ауданы ішкі саясат бөлімінің ұйымдастырумен «Қазақ халқының тарихындағы әйел мәртебесі және исламдағы бейнесі» атты тақырыпта Мақтаарал ауданындағы әйел-қыздарға арналған семинар өткізілді.
Семинарға Мақтаарал ауданының әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова, ҚМДБ-сы Түркістан облысы бойынша әйел-қыздар секторының жетекшісі Еңлік Әбиева, Мақтаарал ауданы әжелер алқасының төрайымы Шахзада Құрбанбаевалар қатысты.
Кездесу барысында спикерлер ері мен елінің, ұрпақтың тілекшісі – ана болғанын, түркі халықтарында әйел құқығы ер адамнан кем түспейтіндерін атап өтті. Тарихтағы құрмет пен мәртебеге ие әзиз аналар, қайсар қыздарымыз туралы кең көлемде ақпараттар берді.
Семинарға кенттер мен ауылдық округтерінің әжелер алқасының төрайымдары, аналар кеңесінің мүшелері, жас келіндер және 9,10,11-сыныптардың қыз балалары қатысты.
Ұлттық құндылықтарымыздың ішінде қыз тәрбиесі арқылы аналарды тәрбиелеу үрдісі қайта жанданып, әжелеріміз бен сақа әйел-аналарымыз жас келіндер мен бойжетіп келе жатқан қыздарға осылай жиі-жиі халқымыздың бетке ұстар аналары мен қыздарының тарихы, өнегелі де үлгілі істерін насихаттау, өздерінің өмірден жиған тәжірибесі арқылы тәрбиелеп, дәстүрлі ана мәртебесін қайта жаңғыртуды насихаттауды жалғастырса нұр үстіне нұр болмақ.