ШАРДАРАЛЫҚ СПОРТШЫЛАР ЕЛ БІРІНШІЛІКТЕРІНДЕ ТОП ЖАРДЫ

0
61

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОқаев биылғы жылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» деп аталатын Жолдауында «Баршаңызға мәлім, мен бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріп отырмын. Жастарымыз дені сау, мықты азамат болып өсуі керек. Сондықтан ұлт саулығын сақтау үшін бұқаралық спорттың маңызы айрықша. Жақында мен Олимпиадаға қатысушылармен кездестім, спорттағы нақты міндеттер мен басымдықтарға тоқталдым.
Шын мәнінде, бұл саладағы заңнаманы жаңартатын кез келді деп ойлаймын. Заңға енгізілетін өзгертулер бұқаралық спорт пен балалар спортын дамытуға зор серпін береді. Сондай-ақ болашақ жеңімпаздар шоғырын даярлауға жол ашады» деп спортты қолдау қажеттігін айтты.
Түркістан облысында бұқаралық спорт пен әуесқой спорт түрлеріне көңіл бөлініп, онымен айналысқысы келетін балалар мен жаөспірімдерге барлық жағдайларды жасауда. Соның арқасында жасөспірімдерден бастап ересек спортшыларға дейін республикалық, халықаралық, азиялық, әлемдік жарыстарда жүлделер алып, жеңімпаз болуда. Облыстың Шардара ауданы республика ғана емес армстрелинг спорты бойынша әлемге танылып, жүздеген спортшылары әлем чемпиондары болып ауданның аты негізінен осы спорт түрімен танылып тұр. Бірақ ауданда спорттың басқа түрлері, балалар мен жасөспірімдер және ересектер спорты да айтарлықтай дамып келеді. Оған таяуда өткен екі республикалық жарыстардан жеңімпаз болып келген шардаралықтар дәлел десек те болады.
Қарағанды қаласында қыркүйек айының 16-19 күндері найза лақтырудан 2007-2008 және 2009-2010 жылдары туған жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті.
Тартысты додада еліміздің түкпір-түкпірінен спортшылар қатысып, шардаралық спортшылар 2 алтын, 2 күміс, 2 қола медальді қоржынға салды. Атап айтар болсақ, Шадияр Құлатай мен Әйгерім Манасбай қос алтынды қанжығаларына байласа, Азамат Жаманбай мен Ұлболсын Есіркеп күміспен медаль алды. Ал, Данияр Оразбек мен Перизат Орынбасар үздік үштік қатарынан көрініп, аудан абыройын асқақтатты.
Ал қыркүйек айының 16-19 күндері Астана қаласында Қазақ күресі спортынан жасөспірімдер арасындағы “Дала қырандары”республикалық турнирі өтті.
Турнирге Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жасөспірімдер өз бақтарын сынап,жүлделі орындардан көрінді. Аталған жарысқа “Шардара аудандық ұлттық спорт және өнер клубы” КММ-нің спортшылары — Сәттігүл Дәурен мен Бақтыбай Рамазан қатысып жүлделі үшінші орынға ие болып, қола алқаны қоржынға салды.