ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ РЕФЕРЕНДУМГЕ ДАЙЫНДЫҚ ЖАСАЛУДА

Қазақстан Республикасының болашағы үшін өте маңызды мәселе — ел аумағында Атом электр станциясын салу-салмау мәселесін шешетін жалпыұлттық референдум өткізудің мерзімін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің биылғы екінші қыркүйекте қазақстандықтарға жолдаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономиалық өсім, қоғамдық оптимизм» деп аталатын Жолдауында белгіледі. Сол арнауында ол елімізде мұндай маңызды мәселеге барудың себебін түсіндіріп, Қазақстанда қазірдің өзінде электр қуатының тапшылығы барын, ол болашақты біртіндеп ұлғая беретінін айтты. Ал энергиялық тапшылық ұлғайған сайын мемлекеттік әлеуметтік-экономикалық дамуы бәсеңдей бермек. Мемлекеттің даму қарқыны бәсеңдеген сайын оның азаматтарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы тқмендей бермек. Сондықтан да, мемлекет халықпен кеңесе келіп, бір жылғы талқылаудан соң осындай маңызды шешім – референдум өткізуге бел буды.
2024 жылғы 6 қазанға тағайындалған жалпыұлттық референдумды ұйымдастыру мен өткізудің дайындық жұмыстары бойынша Түлкібас аудандық референдум комиссиясының отырысы өтті.
Аудандық референдум комиссиясының төрағасы Е.Қаратаев республикалық референдумға дайындық, ұйымдастыру жұмыстарына, учаскелік референдум комиссияларының мүшелерін оқыту мәселелеріне тоқталды.
Комиссия хатшысы С.Тілеубеков республикалық референдумды әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарын таныстырып, атқарылатын жұмыстарға тоқталды. Комиссия төрағасының орынбасары Е.Есенбаев республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімдерімен жұмысты ұйымдастыру туралы, комиссия мүшесі Г.Келсеитова республикалық референдумды өткізу кезінде мүгедектіктігі бар адамдар үшін барлық қажетті жағдайларды қамтамасыз ету мәселелерін баяндады.
Сол сияқты ағымдағы жылдың 18-ші қыркүйек күні аудандағы барлық референдум учаскесі төрағалары, хатшыларының, ауыл әкімдері мен бөлім, мекеме басшыларының қатысуымен учаскелердің референдум өткізуге дайындық мәселелері талқыланды. Жиын барысында аудандық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Е.Қаратаев учаскелер Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен бекітілген «Сайлау учаскесінде дауыс беруге арналған үй-жайды, дауыс беру пунктін жарақтандыру жөніндегі нұсқаулық» талаптарына сәйкес жабдықталғанын, референдум өткізуге дайын екендігін айтты.