ОБЛЫСТЫҚ МАҢЫЗЫ БАР ЖОЛ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

0
55

Президент Қ.К. Тоқаев өзінің қазақстандықтарға биылғы жолдауында ел экономикасының күретамыры автокөлік жолдарын жақсарту мәселесін де айтты. «Автокөлік жолдарының жай-күйі – өзекті мәселе. Мен бұл туралы осыған дейін де айттым. Биыл елімізде 12 мың шақырымға жуық жол салынып, жөнделіп жатыр. Қазақстанда мұндай ауқымды жұмыс бұрын-соңды болмаған. Астана-Алматы, Ақтөбе-Атырау-Астрахань, Талдықорған-Өскемен бағытындағы күре жолдарды қайта жаңғырту жұмыстары аяқталып қалды. 2,5 мың шақырымға созылатын облысаралық және ауданаралық жолдарды орта деңгейде жөндеуге арналған бағдарламаның мән-маңызы зор. Дәл осы жолдармен жұрт өте жиі жүреді. Сондықтан бағдарламаның ауқымын кеңейтіп, оған кемінде 10 мың шақырым жолды қамтуды тапсырамын» деді ол.

Түркістан облысында сапалы жол салу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Осы бағытта Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан Созақ ауданындағы облыстық маңызы бар жол пайдалануға берілді.

КХ-2 «Екпінді-Шолаққорған-Созақ» автомобиль жолының 131-181 (50 шқ) шақырымына (Таукент ауылы мен Ыбырай ауылы аралығына) орташа жөндеу жұмыстарын мердігер мекеме «Шымкентдорстрой» ӨК» ЖШС тарапынан жүргізілді. Техникалық қадағалаушы мекеме – «Оңтүстік жолдары» МКК. Сметалық құжаттамаға сәйкес, жолдың ескі қабатын фрезелеу және жолға екі қабатты асфальтбетон жамылғысы төсеу жұмысы қаралған. Жөндеу жұмыстары 2022 жылы басталып, биыл асфальт төсеу жұмыстары толық аяқталды.

Сол сияқты Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков Шолаққорған ауылында құрылысы жүріп жатқан нысандарды аралады. Алдымен «Теріскей» саябағы мен Наурыз мөлтек ауданынан салынып жатқан кіші футбол алаңы мен балалар ойын алаңшаларының құрылыс сапасымен танысып, жұмыс қарқынын бақылауына алды.

Жергілікті тұрғындармен тілдесіп, ашық әңгімелесті. Келер жылы аудан орталығы 100 пайыз көше жарықшамдарымен қамтылу керектігін айтып, бұл жөнінде округ әкіміне тапсырмалар жүктеді.

Сонымен қатар, «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан 900 орындық Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебінде болды. Мердігер мекеменің өкілдерімен тілдесіп, алда атқарылар жұмыстарды саралады. Жаңа мектептің қоршаулары, қосымша салынатын көлік тұрағы, аялдама сынды мәселелер сөз болды.

Қазіргі уақытта нысанның едендеріне бетон жаймасын төсеу жұмыстары толық аяқталған. Екінші және үшінші қабаттарына керамикалық плиткалар төселуде. Сыртқы фасадын травертинмен қаптау жұмыстары да аяқталуға жақын. Ішкі қабырғаларын сылап, әрлеу жұмыстары да қатар жүргізіліп, жұмыс қарқыны өндірістік кестеге сай өрбуде.