78,8 МЫҢ ЖҰМЫС ОРНЫ АШЫЛЫП, 40,7 МЫҢ ЖАС ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛДЫ

Мемлекеттің азаматтарды жұмыспен қамтуға арналған бағдарламалары мен түрлі жобалары жұмыссыздықты азайтуға септік етуде. Еңбек нарығын дамытуға арналған тұжырымдама аясында да азаматтар, оның ішінде жастар жұмыспен қамтылуда. Сол сияқты мемлекеттің Жастар саясатында да жастарды жұмыспен қамту, жаңа мамандықтарды игеруге тарту бойынша бірнеше жобалар жүзеге асырылуда. «Алғашқы жұмыс орны», Жастар практикасы» арқылы да жастарды жұмысқа тарту, сол сияқты жергілікті Жастар ресурстық орталықтары да жастарды жұмысқа тартуда, насихаттық, түсіндіру, ақпараттық жұмыстар жүргізуде бұл іске үлес қосып келеді.
Биыл Түркістан облысы бойынша «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында 118,9 мың жұмыс орнын ашу жоспарланса, 47,6 мың жасты жұмыспен қамту көзделді. 2024 жылдың 1 қыркүйегіндегі дерек бойынша нақты 78,8 мың жұмыс орны ашылып, оның ішінде 40,7 мың жас жұмыспен қамтылды (51,6%).
Оның ішінде «Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында нақты 27 614 жас жұмыспен қамту шараларына жолданды (10 829 адам тұрақты, 11 752 адам уақытша жұмыс орындарымен қамтылды).
Субсидияланған уақытша жұмыс орындарына жолданғандар ішінде 1644 адам «Алғашқы жұмыс орны» жобасына, 4238 адам «Жастар практикасы» жобасына, 4514 адам қоғамдық жұмыстарға, 1356 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жолданған. Бұдан бөлек кәсіпкерлікті қолдау бағытында «Бастау Бизнес» жобасы аясында 2841 жас кәсіпкерлік негіздері бойынша оқыған. Жаңа бизнес-идеялары үшін өз ісін бастауға ниетті 748 жасқа грант берілген. Сонымен қатар enbek.kz платформасында сұранысқа ие дағдыларды қолдану бойынша мамандықтарда 1444 жас білім алып, сертификатқа ие болған.
Түркістан облысы, Түлкібас ауданы, Т.Рысқұлов ауылының тұрғыны Тұрған Мөлдір Әбілханқызы. 2024 жылдың 15 — ші тамыз күні “Алғашқы жұмыс орны” бағдарламасымен Мансап орталығына жұмыссыз ретінде тіркеліп, “INTELLECT” оқу орталығына «бастауыш сынып мұғалімі» мамандығына жұмысқа жолданған болатын.
Қазіргі таңда тиісті жұмыстарын абыроймен атқаруда.
“Алғашқы жұмыс орнына“ — еңбек өтілімі болмаған, 35 жасқа дейінгі жұмыссыз жастар қатыса алатындығын хабарлаймыз.
Ағымдағы жылдың 17 қыркүйек күні Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері және Түлкібас аудандық Кәсіпкерлік палатасы филиалының директоры Асылболатов Қайратпен бірлесе отырып жоспарға сәйкес, кәсіпке қызығушылығы бар жастарға мемлекеттік бағдарламалар бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Арыс қалалық ішкі саясат бөліміне қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің мамандары қала мен ауылдарда диплом алған бітіруші түлектеріне «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.
«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының 3-ші бағыты – Жастар практикасы. Бұл жұмыссыз жүрген жастарды жұмыспен қамтып, тәжірибе жинауға мол мүмкіндік беретінін бағдарлама. Өз мамандығын терең үйреніп, тәжірибе жинағысы келетін жастар бұл бағдарлама туралы жақсы біледі. Бүгінде түрлі мекемелер мен кәсіпорындарда аталған бағдарлама бойынша тәжірибе жинап, біліктілігінің арқасында тұрақты еңбек дүбіріне араласып жүрген Арыс жастары жеткілікті.
Бағдарламаның негізгі шарттары — оқуды аяқтағаннан соң 5 жыл ішінде алған кәсібі немесе мамандығы бойынша жұмысқа орналасуды жүзеге асыратын еңбек қызметінің түрі. Түлектерді жұмысқа бейімдеу мақсатында ұйымдастырылатын бағдарламаға техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары оқу орындарын аяқтаған 35 жасқа дейінгі түлектер қатысады.
Бағдарлама қатысу үшін жастар Т.Тәжібаев көшесі, №1 ғимаратта орналасқан «Мансап» орталығына жүгінулеріне болады.
Ал, Кентау қалалық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Жастар әлемі» іс-шарасы өткізілді.
Жиында Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Е. Бектаев пен қалалық ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы С. Бақытұлы жастарға серпін берер алғы сөздерімен бөлісті.
Кездесуде «Жастар әлемі» атты ОАОО-ның тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары және жастармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізіп жүрген мекеме қызметкерлері мараптталып, қала әкімінің «Алғыс хаттары» табысталды.
Мұндағы мақсат — жастар арасындағы ынтымақтастықты жүзеге асыру және алдағы уақытта атқаратын жұмыстарға белсенділіктерін арттыру болатын. Шара соңы жастардың рухын көтеретін әндер шашуға ұласты.