АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ПЛЕНУМЫ ӨТТІ

0
94

Қазақ халқында «Қариялар – қазына» деген мақал сөз бар. Ол жасы ұлғайған адамдардың өмірлік тәжірибелері, көргені мен түйгені, елге еңбекгімен сіңірген қызметі, жас ұрпаққа айтар ақылы, берер өнегесі мол барлық жағынан да қажетті қазынадай берері көп деген мағына береді. Мемлекетіміз сол себепті де зейнеткерлерді ұзақ жылдарға жасаған еңбектерінің зейнетін көрсін, деп оларға бірқатар жеңілдіктер жасап отыр. Қарияларға арналған белсенді ұзақ өмір барлық аудан, қалаларда ашылып, онда зейнет жасындағы аталар мен апалар қалаған нәрсесімен айналысып белсенді өмір сүруде. Ардагер қариялар да мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықтарға жауап ретінде өңірдің барлық мәселелеріне өздерінің ұйымдары арқылы қатысып, ел дамуына үлестерін қосып келеді. Таяуда Түркістан облысы Шардара ауданының аудандық ардагерлер кеңесінің кезектен тыс V пленумы болып өтті.
Жиынға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бақытжан Таласов, «AMANAT» партиясы Шардара аудандық филиалының төрағасы Ережеп Бекет, аудандық ардагерлер кеңесінің пленум мүшелері, бастауыш ардагерлер ұйымының төрағалары, мекеме, ұйым басшылары қатысты.
Пленумның күн тәртібіндегі бірінші мәселе Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауы бойынша аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасының орынбасары Байдулла Рахматуллаев, «AMANAT» партиясы Шардара аудандық филиалының төрағасы Ережеп Бекет баяндама жасап, ардагерлер Жолдауда қамтылған тоғыз бағыт бойынша да өз қолдауларын білдірді. Алдағы кезде Жолдауды бастауыш ардагерлер ұйымы арқылы бұқара халыққа насихаттауға қаулы қабылданды.
Екінші мәселе – Әкелер мектебі мен Әжелер алқасының «Ұрпақ тәрбиесіндегі бетбұрыс» атты тақырып аясында Әкелер мектебі төрағасының орынбасары Тоқсанбай Тасыбеков баяндама жасап, атқарылған, алда атқарылатын жұмыстар, оған ардагерлердің атсалысуы жөнінде айтып өтті. Әкелер мектебі мен Әжелер алқасының жас ұрпақ тәрбиесінде, отбасылық құндылықтарды сақтап, жаңғыртып отыруда, басқа да ұлттық құндылықтарды насихаттауда қосар үлестері әлі де мол.
Келесі кезекте бастауыш ардагерлер ұйымдарының жұмыстары туралы және бастауыш ардагерлер ұйымдарының төрағаларын, аудандық ардагерлер кеңесі жанындағы медиаторлардың төрағасын сайлау бойынша хабарлама жасап, оларды көпшілік дауыспен бекітті.
Пленумда аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Жоламан Тұрлыбеков, «Қасиет» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Аббаз Тұрғымбаевтар ардагерлерге жасалып жатқан қолдаулар мен алдағы 1 қазан – Қарттар күніне орай өткізілетін шаралар жөнінде айтып өтті.
Пленум соңында мерейжасқа толған ардагерлер марапатталды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков 80 жасқа келген Ақмұрат Әбубәкіров пен 70 жасқа толған Ибрагим Бектұрсыновты Алғыс хатпен марапаттап, «Құрмет. Абырой. Бірлік» қоғамдық бірлестігінің «Мінсіз қызметі үшін» медалін табыс етіп, ұзақ өмір, отбастарына амандық тіледі.
Жиынды қорытындылаған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бақытжан Таласов ардагерлердің алдағы жұмыстарына жетістіктер тіледі.