«ҒАЖАЙЫП КІТАП ӘЛЕМІ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КІТАП ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

0
89

«Кітап – білім бұлағы» дегендей бүгінде интернет, телеарна, басқа да біліміңід жетілдіруге, танымыңның көкжиегін кеңейтуге арналған түрлі жолдар жаңадан ашылып жатқанымен, кітап оқу арқылы біліктілігіңді артырудың жөні бөлек. Әлемдегі ең алдыңғы қатарлы мемлекеттің бірі Жапонияда әр адам бір жылда кемі қырықшақты кітап, орташа 80-90 кітапқа дейін, ал кітапқұмарлары жүзелуден аса кітап оқиды екен. Жапон халқы сөйтіп отырып, экономикасы мен электроника, сандық технологияларын дамытуда үздік болумен бірге, дүниежүзіндегі ұлттық құндылықтарын керемет сақтап, жетілдіріп келе жатқан халық саналады. Өнеге аларлық жағдай емес пе.
Біздің елімізде де соңғы оншақты жыл мұғдарында мемлекеттің бастамасымен азаматтардың, ересектермен қатар балалар мен жастардың да жаппай кітап оқуға деген ынтасын арттыру мақсатында көптеген шаралар қолға алынып жатыр. Соның бірі елімізде жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «KitapTime – 2024» ІІІ жалпы республикалық кітап фестивалі.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының бастамасымен өтіп жатқан ауқымды шараға Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы да қатысуда.
Кітап мерекесін журналист, «Түркістан Медиа Холдинг» ЖШС басқарушы директоры Тельман Бейсен,Тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің «Теология» факультетінің деканы, Досай Кенжетайұлы және ҚР Мәдениет майталманы, Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының бұқаралық көрмелік іс-шаралар секторының меңгерушісі Пернекүл Нәлтаева ашып, көпшілікті кітап оқуға шақырды.
Кітап оқуды кеңінен насихаттау, рухани, интеллектуалдық даму жолында жастарды ынталандыру және мәдени құндылықтарымызды халыққа жеткізу мақсатында ұйымдастырылған «Ғажайып кітап әлемі» атты шара барысында арнайы кітап көрмелері және инсталляциялар жасақталып, келушілер назарына ұсынылды.
Кітап фестивалі аясында жас ақын, журналист Бауыржан Ерманмен кездесу өтті. Сонымен қатар ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның бастамасымен жүзеге асып жатқан «Ауыл кітапханаларына 100 кітап» акциясын қолдау мақсатында фестиваль қатысушылары мен қонақтары кітапхана қорына кітап табыстады. Кітап дүкендері тарапынан сатылымға түрлі туындылар шығарылды. Акция аясында кітапхана қорына 300-ге жуық кітап сыйға тартылды.
Шараның балаларға арналған бөлімі «АКА» шығармашылық орталығының өнерлі балаларының концерттік бағдарламасымен жалғасты. Өнерлі балаларға кітапхана директорының атынан арнайы алғыс хат табысталып, сыйлықтар ұсынылды.
Сондай-ақ, Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының ұйымдастыруымен 20 қыркүйек күні жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын – «KitapTime – 2024» ІІІ жалпы республикалық кітап фестивалі Түркістан облысының аумағында да өткізілуде.
Осы орайда Түлкібас аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен аудандық арбат алаңында және ауылдық кітапханаларда кітап оқуды кеңінен насихаттау, рухани, интеллектуалдық даму жолында жастарды ынталандыру және мәдени құндылықтарымызды халыққа жеткізу мақсатында «Кітап — руханияттың алтын сандығы» ашық аспан астында кітап көрмесіне шолу, «Киелі дүние бар кітап деген» библио экскурсия, «Кітап ғажайып дос» бейнеролик, «Кітаппен бірге өсеміз» тәрбие сағаты, «Кітап және отбасым» атты зияткерлік сайыс, «Сөзбен өрнектелген суреткер» әдеби шолу, «Жаңа кітап-жаңа сыр» әдеби шолу, «Кітаптар аралының құпиясы» библиофреш, «Кітап оқудан тиылсақ, ой ойлаудан тиыламыз» библиокафе, «Кітап алтын қазына», «Кітап әлеміне саяхат» атты оқу сағаттарын өткізу жалғасуда.