ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДА КӨПІР ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Мемлекет басшысының әрбір Жолдауында инфрақұрылымдарды жүргізу, сапалы етіп саул мен халықтың игілігіне жұмыс жасауына, тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға ықпал ету мәселесі үнемі айтылып келеді. Сондықтан да инфрақұрылымдар мәселесіне Түркістан облысының басшылығы да маңызды мәселе ретінде қарап, оның жетілдірілуін қамтамасыз етуді қадағалап отырады. Қала, аудан басшылары да жолдауда алға қойылған міндет ретінде бұл мәселені үнемі назарларында ұстап отырады.
Төлеби ауданы, Қаратөбе ауылдық округіндегі Балдыберек өзені арқылы өтетін көпір ел игілігіне пайдалануға берілді. Өзеннің екі жағындағы елдімекендердің тұрғындарының ары-бері қатынасуының маңызды нысаны ретінде бұл көпірдің пайдалануға берілуі жұртшылықты қуанышқа бөледі.
Аудан орталығынан шалғай орналасқан Қаратөбе, Қостөбе ауылдық округтерінің тұрғындары көктем айларында Балдыберек өзенінің тасуы кезінде жол қатынасы тұрғысында көптеген қиындықтарға кездесетін. Сондықтан да, бұл мәселе бірнеше жылдардан бері күн тәртібінен түспей келе жатқан еді. Халықтың сұранысымен көпірдің құрылыс жұмыстары басталып, 2019 жылы пайдалануға беру жоспарланған болатын. Мердігер мекеменің жауапсыздығы салдарынан көпір құрылысы аяқталмай, ол бес жыл көлемінде шешімін күткен мәселенің біріне айналды. Тұрғындардың өтінішімен бұл мәселе қайтадан көтеріліп, аудандық әкімдік созылып кеткен проблеманы шешудің жолын тапты.
Кейіннен аудан әкімдігінің аудандық мәслихатпен бірлесе атқарған жұмысының нәтижесінде Қостөбе елді мекеніндегі Балдыберек өзені арқылы өтетін көпірді күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Құрылыс жұмыстарын мердігер «ABC Group KZ» ЖШС жүргізді. Жоба құны – 38 311,0 мың теңге.
Екі елді мекенді байланыстырған қатынас құралының құрылыс жұмыстарын бақылаған Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Түркістан облысы бойынша департаментінің Превенция басқармасы басшысының орынбасары Әсілбек Сәбит Төлеби ауданына арнайы іссапармен келді.
Пайдалануға берілген көпірдің жай-күйімен танысып, халықтың көптен күткен қуанышына ортақтасып, тұрғындармен тілдесті.
Ауыл тұрғындарының атынан ардагерлер кеңесінің төрағасы Әділ Оразов сөз алып, ризашылығын білдірді. «Ұзақ жылдан бері осы мәселені көтеріп келдік. Міне, бүгін көптен күткен арманымыз орындалып отыр» деді зейнеткер.