ОБЛЫСТАҒЫ БАЛАБАҚШАЛАРҒА ВОУЧЕРЛІК ЖҮЙЕ ЕНГІЗІЛЕДІ

Мемлекет ана мен балаға қамқорлық жасап, баланың қауіпсіздігі мен қорғап, қолдауын да жүзеге асыруда қолға алған. Мемлекеттің саясатында әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға қолдау көрсету маңызды міндет болғандықтан әлеуметтік шығыстарды біртіндеп ұлғайтып жатыр. Қазір бюджеттің жартысынан көбі әлеуметтік салаға жұмсалады. Әсіресе, балалы отбасыларды қолдау үшін сәби күтіміне өтемақы төлеу мерзімі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзарды.
Оған қоса «Ұлттық қор – балаларға» ауқымды жобасы іске қосылды. 7 миллион баланың есепшотына Ұлттық қордың табысынан жалпы сомасы 300 миллиардтан астам теңге аударылды. Мемлекет басшысы елімізде ана мен бала саясатында осындай шаралардың іске асырылып жатқанын айта келіп биылғы жылғы Жолдауында «Баланы мектепке дайындау мәселесіне айрықша назар аударған жөн. Мектепке дейінгі тәрбие беру және оқыту ісіне мемлекетпен қатар ата-аналар да жауапты. Сондықтан мектепке дейінгі білім беру саласында әр балаға бөлінетін қаражат отбасының нақты табысына байланысты болуы керек. Осылайша, біз білім беру жүйесін одан әрі жетілдіру арқылы шын мәнінде мұқтаж азаматтарға көмек көрсетеміз және мемлекеттік қолдаудың ашық болуын қамтамасыз етеміз. Түптеп келгенде, азаматтарымыздың әлеуетін арттырамыз» ел болашағы – балаларға ерекше назар аударылуы қажеттігін айтты.
Соған орай, Түркістан облысындағы балабақшалардың жұмысы жандана түспек. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының қолдауымен мемлекеттік және жекеменшік балабақшалардың сапалы жұмыс жүргізілуі басты назарға алынып, балабақшаларды ретке келтіру мақсатында цифрландыру және воучерлік жүйе енгізілмек.
Воучерлік жүйе арқылы ата-ана бәсекеге қабілетті балабақшаны таңдап, қаржысын соған жұмсауға ықпал ете алады.
Биыл балабақшаларға ауқымды мониторинг жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, бірқатар кемшілік анықталып, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарынан 7664 орын қысқартылды.
Түркістан білім басқармасы тарапынан «Көрсетілетін білім беру қызметін алушылар бойынша дербестендірілген қаржыландыруды ескере отырып, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру жөніндегі пилоттық жобаның кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2024 жылғы 1 наурыздағы №53 бұйрығын орындау үшін пилоттық жобаға қатысушылармен (ата-аналар, балабақшалар) консультациялық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Айта кетейік, облыста 1424 мектепке дейінгі ұйым қызмет атқаруда. Атап айтқанда, мемлекеттік – 265, жекеменшік – 1110, 2 арнайы мектеп-балабақша, мектеп жанындағы шағын орталық – 46, 1 балабақша-бастауыш мектеп бар. Жалпы мектепке дейінгі ұйымдар үлесінің 77,9 пайызын жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар құрайды. Мектепке дейінгі 2-6 жас аралығындағы балалар саны 187 612 болса, оның 183 454-і мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен қамтылған. Облыста мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен қамтылған балалар үлесі 97,8 пайызды құрайды.