ҚАЛА ӘКІМІ КӨПБАЛАЛЫ ҰСТАЗДАРДЫ ҚАБЫЛДАДЫ

Мемлекетіміз көпбалалы аналарға көптеген жеңілдіктер жасап демографиялық ахуалды жақсартуды қолға алған. Ол бойынша көпбалалы аналарға бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Сол сияқты мемлекетіміз білім саласына да ерекше көңіл бөліп келеді. Сапалы білім мен саналы тәрбие алған жас ұрпақ Қазақстанның болашағының мықтылығына кепіл болады. Ал сол білім мен тәрбиені беруші білім ордаларындағы басты тұлға – педагогтер. Мемлекет басшысы билығы Жолдауында айтқандай қандай жайлы да заманауи жабдықталған білім ордалары болғанымен оларда білім алатын оқушыларға сапалы білім мен тәрбие беретін сапалы мұғалімдер болмаса мықты да жан-жақты ұрпақ тәрбиелеуге қол жеткізу мүмкін болмайды. Осы ескеріп мемлекет педагогтің мәртебесі туралы заң қабылдап, мүғалімдердің білімін жетілдіріп, озық білім беру әдістерін игеруге, озық тәжірибелерді меңгерулеріне толық мүмкіндік беріп отыр.
Арыс қаласында отбасында көпбалалы ана атанып бірнеше баладан тәрбиелеп, ал жұмыс барысында педагог ретінде жүздеген оқушыға білім мен тәрбие беріп жүрген аналар аз емес.
Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова бір топ ұстаздарды қабылдап, оларды келе жатқан кәсіби мерекелерімен құттықтады. Бұл жолғы қабылдауға тек білім беріп қана қоймай, «Алтын алқа», «Күміс алқа» тағынған көпбалалы ана мәртебесімен ерекшеленген ұстаздар шақырылды.
Гүлжан Құрманбекова ұстаздарға алғысын білдіре отырып, олардың қоғамдағы рөлінің маңызды екенін атап өтті.
«Сіздер болашақ ұрпақты тәрбиелеп, білім беріп қана қоймай, сонымен қатар аналық мейірімдеріңізбен өскелең ұрпаққа адамгершілік құндылықтарды дарытып келесіздер. Қос міндетті қатар алып жүру – үлкен еңбек және жауапкершілік. Сіздерге шын жүректен алғыс білдіремін!» – деді әкім.
Қабылдау барысында ұстаздарға құрмет көрсетіліп, естелік сыйлықтар табысталды. Әкім қала педагогтарының жетістіктерін жоғары бағалап, олардың білім саласындағы еңбектерінің маңызды екеніне тоқталды. Мектеп қабырғасындағы әрбір шәкірттің жетістігі ұстаздардың тынымсыз еңбегі мен адалдығының жемісі екенін атап өтті.
Өз кезегінде, қалалық Білім бөлімінің басшысы Әшімхан Момбеков қала әкіміне ұстаздарға көрсетілген ыстық ықыласы үшін алғысын айтты. Шара соңында ұстаздар өзара пікір алмасып, жылы тілектер білдіріп, кәсіби мерекеге орай құрмет көрсеткені үшін алғыстарын жеткізді.
Сондай-ақ, Арыста «Ата — әулеттің тірегі, әже — ұрпақтың жүрегі» тақырыбында қалалық мәдениет сарайында салтанатты шара өтті. Қалалық «Әжелер алқасы» ұйымдастырған шара Қарттар күніне орайластырылды. Мерекелік кешке шаһар басшысы Гүлжан Құрманбековамен бірге Түркістан облысынан келген қадірлі меймандар да қатысты.
Қала басшысы «Ұлттың ұлт болып қалуы қашан да оның тілі мен ділінің, салт-дәстүрінің бекемдігіне байланысты. Оның негізі отбасылық тәрбиеде жатыр. Осы ретте отбасыдағы ата мен әженің рөлі ерекше. Әжелер мектебі – бүгінгі қоғамда баға жетпес байлық, бойға тереңнен сіңіретін тәрбие құралы», — деп ізгі тілегін жеткізді.
Шара барысында қаланың қоғамдық өміріне белсене араласып, ұрпақ тәрбиелеуде үлгі болып жүрген ақжаулықты әжелерді қала әкімі арнайы алғыс хатпен және медальдармен марапаттады.
Жиынның ресми бөлігінде қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Тәңірберген Әсіл «Ата — әулеттің тірегі, әже — ұрпақтың жүрегі» тақырыбында баяндама оқыса, Түркістан облысының «Әжелер алқасының» төрайымы Балымхан Байтенова арыстық әжелерді мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Көңілді кеш ары қарай асыл әжелердің мерекелік концерті мен тағылымы мол сахналық көріністерге ұласты. Ақ кимешегімен мерекеде сән сыйлап жүрген, әсем дауыстарымен әлемді тербеп, айналаны керемет өнердің шуағына шомылдырған ардагерлер мереке көрігін қыздыра түсті.
Жылдың қай мезгілі болса да, халыққа қызмет етіп, ұлағатты ұрпақ өсірумен қатар, өнер әлемінде де өзіндік орнын таба білген әжелерге көрермендер қошемет көрсетіп, алғыстарын жаудырды.
Айта кетейік, мәдениет пен әдет-ғұрыпты жастардың бойына сіңіріп, оларға тарихымызды танытып, салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды үйретіп, үлкен үлгі, өнеге көрсететін Арыс қаласының «Әжелер алқасы» 2013 жылы құрылған. Бүгінде олар ұмыт болып бара жатқан рухани мұраны жаңғырту мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырып келеді.