ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ ТАҚЫРЫБЫНДА ӘҢГІМЕЛЕСТІ

0
54

Қазақстан Республикасында азаматтардың конституциялық құқықтарының сақталуы мен отбасында, қоғамда қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету, ана мен бала қауіпсіздігі мен оларға қарсы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу жүзеге асырылып келеді. Бұл тақырыптар бойынша Түркістан облысының аумағында да түрлі іс-шаралар тұрақты түрде іске асырылып, әсіресе, жастарға көптеген түсіндіру, ақпараттық мәліметтер беріліп, олардың бұл келеңсіздік туралы білім қана қоймай оған қарсылық имунитетін қалыптастыруға жұмыс жасалынуда.
Қазығұрт полициясының зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы Қ.Умиралиева мен «Отбасын қолдау» бөлімшесінің психологы Ш. Алдабекова колледж студенттерімен кездесу өткізді. Онда жастарға отбасылық-тұрмыстық қатынастардағы зорлық-зомбылықтың алдын алу мен олардың заңды құқықтарын түсіндірді.
Сондай-ақ студенттермен ашық пікір алмасу, отбасын құруды жоспарлау, отбасындағы қарым-қатынас, бала тәрбиесі, ұрпақтар теориясы, заң аясында жүріп-тұру, қылмыстық құқық бұзушылықтың салдары, отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол бермеу сияқты тақырыптарда сөз қозғалды.
Полицейлер студентерге мұндай жағдайларда олар әрдайым мектеп психологына, сондай-ақ кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторға жүгіне алатындығын еске салды.
«Тұрмыстық зорлық бір адамның екінші адамға не туыстарының бірінің екінші туысына зорлық көрсетуі. Отбасылық қарым-қатынастағы құқыққа қайшы әрекеттердің басым бөлігі жасырын түрде қалып қалады. Осылайша бұл тұрмыстық зорлық құрбандарына көмек көрсету мәселесін қиындатады.
Сондықтан бұл жағдайда қорықпастан міндетті түрде «102» арнасына немесе «111», «150» жедел желілеріне хабарласу қажет», – деді әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы Қ.Умиралиева.
Сөз соңында жастар арнайы мамандарға сауалдарын жолдап, өзара пікір алмасты.
Ал, облыстың Келес аудандық полиция бөлімінің инспекторы Эльмира Есенкулованың ұйымдастыруымен аудандағы N13 Кәсіптік колледжінің студенттеріне «Буллинг, Кибербуллинг» тақырыбында түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Басты мақсат — оқушыларға буллинг пен кибербуллинг туралы түсініктеме беру және өзара қарым-қатынаста әдептілікке шақыру. Балалар мен жастардың арасындағы әлімжеттіктің арты қылмыстық жауапкершілікке дейін апарып соқтыруының мүмкін екендігін де түсіндіру.
Полиция инспекторы Э.Есенкулова дәрісті «Зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» тренингімен бастап, қатысушыларға жалпы зорлық-зомбылық дегеніміз не? және оның қандай түрлері болатындығы жайлы айтып берді.
Сондай-ақ шарада жергілікті полиция қызметінің ювеналдық тобының инспекторы Тойбек Садырбаев жасөспірімдер арасында қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың алдын алу профилактикасы бойынша заң талаптарын түсіндіріп, жауапкершіліктері жайлы айтып өтті.
«Отбасын қолдау» орталығының психолог маманы Динара Абдирова жастарға осы күнге дейінгі статистика бойынша буллинг пен кибербуллинг құрбаны болған балалардың саны мен жасы туралы айтып, егер де өздері немесе өзге біреулер осындай жағдайға ұшырап жатса не болмаса білетін болса оған дереу қандай көмек көрсету керек екендігін айтып және кімдерге көмекке жүгіну керектігін түсіндіріп өтті.
Өз кезегінде студенттер аталған жаман әрекетке бармайтындықтарын жеткізіп, білім мен тәрбиені қатар алып жүруге уәде берді.