ШАРДАРАЛЫҚТАР ӨНЕР БАЙҚАУЛАРЫ МЕН ФЕСТИВАЛІНДЕ ҮЗДІК БОЛДЫ

0
66

Қазақстан Республикасында балаларды қорғау мен қолдау, қауіпсіз жағдайда өсіп, жан-жақты дамуына мүмкіндік жасау мемлекеттің басты міндеттерінің бірі болып есептеледі. Шардарада дарынды балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығына қолдау көрсету, оларды отансүйгіштікке баулу, ұлттық рухта тәрбиелеу және эстрадалық ән орындау өнерін дамыту, жас талант иелерін анықтау мақсатында «Мөлдір -Үміт» облыстық балаларға арналған ән байқауы өтті. Аудандық мәдениет сарайында өткен ән додасы ауданның тумасы, талантты жас әнші Мөлдір Жоламанованы еске алуға арналған.
Құттықтау сөз сөйлеген аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Айдаров әнші-композитор Құралай Сәтмұхамбетова мен «Мөлдір-Үміт» атты балалар байқауының құрылтайшысы және жоба авторы Үміткүл Дәуленоваға аудан әкімінің алғыс хатын тапсырды. Алдымен ән мен биден шашу шашқан «Ақ әжелер» халық ансамблі мен Түркістан қаласының «Тик-так» би тобы өнер көрсетті. Жамбыл Жабаев атындағы бастауыш мектеп оқушылары Мөлдірдің өлеңдерін оқыды.
Әділ қазылар шешімімен Сайрам ауданының үміткері бас жүлде Нұрбек Нұрғали иегері атанды. І орын Шардара ауданының өнерпазы Ақылжан Алмасұлына, ІІ орын жетісайлық «Жұлдыздар» тобы мен төлебилік Мейірхан Рахымға, ал ІІІ орын Шымкент қаласындағы «Нұрсәт» өнер мектебінің «Бес жұлдыз» тобы мен Шардара ауданы Барат Алыйға бұйырды. «Ең жас әнші» номинациясымен Шымкент қаласының «Дара» өнер мектебінен келген Мерей Еркінбай, «Күміс көмей әнші» номинациясымен Ордабасы ауданынан келген Кәусар Әлайдар, «Көрермендер көзайымы» номинациясымен Түркістан қаласынан қатысқан Сезім Мұхтар марапатталды. Қатысушыларға арнайы дипломдар мен қаржылай сый-сияпаттар табысталды.
Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға, әсіресе, сондай жағдайдағы балаларға үлкен қолдау көрсетіліп келеді. 20 қыркүйекте облыстық мәдениет және туризм басқармасы мен облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Шексіз мүмкіндік» облыстық өнер фестивалінің өткізілуі сөзіміздің айғағындай.
Аталған өнер фестиваліне «Рахым-Сауап» күндізгі стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тәрбиеленушілері де қатысып, өнерлерін сынға салды. Өнер додасында үміткерлер эстрада, дәстүрлі ән және қылқалам, қолөнер салалары бойынша өнер көрсетіп, бақ сынады. Эстрада жанры бойынша Нұрислам Жойбархан мен қылқалам, қолөнер жанры бойынша Жанерке Тұранова есімді осы орталық тәрбиеленушілері өте жоғары деңгейде өнер көрсетіп, ұйымдастырушылар тарапынан Алғыс хаттармен марапатталды.
Балалардың бойындағы талантты ұштап, өнерін дамыту, олардың бойына Отаншылдық рухты сіңіру – баршамыздың міндетіміз. Бұл орайда біршама жұмыстар да атқарылып жатыр. Мысалы, жуырда Шымкент қаласында балалар арасында «Дала сазы» атты дәстүрлі ән, күй, терме, қолөнер жанрлары бойынша үлкен байқау өтті. Аталған өнер байқауына Шардара аудандық саз мектебінде дәріс алып жүрген жас өнерпаздар қатысып, өнерлерін ортаға салды.
Байқау қорытындысы бойынша саз мектебінің шәкірттері өте үлкен нәтижеге қол жеткізіп, мерейімізді үстем етті.
Атап айтар болсақ, Әлішер Рахметулла (мұғалімі Манат Кәрібаева) Бас жүлдені жеңіп алды. Жансейіт Мұхаммедұлы мен Нұрдәулет Пернебай (мұғалімі Сәттібек Жолдасбеков), Сержан Тәжібай (мұғалімі Кенжеқыз Байбақова), Асылбек Ділдабек (мұғалімі Айдарбек Шырынбеков) 1-орын жүлдегерлері атанды. Диас Жоламан (мұғалімі Раушан Сыдықова) мен Айзат Жеңіс (мұғалімі Тамара Раушанова) 2-орын, Әбубәкір Рахметулла, Омар Құдайберген, Айару Нұрғалиқызы есімді шәкірттер жүлделі 3-орынға ие болды.
Өнер додасында топ жарған шәкірттер мен оқытушыларды аудандық балалар саз мектебінің директоры Әйгерім Жұмағалиева арнайы құттықтап, алғыс сезімін білдірді.