ЗАҢСЫЗ 13 ОЙЫН ЗАЛЫНЫҢ ЖҰМЫСЫ ТОҚТАТЫЛДЫ

«Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» деп аталатын биылғы қазақстандықтарға арнаған Жолдауында Мемлекет басшысы Ұасым-Жомарт Тоқаев «Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек. Азаматтары, әсіресе жастары мәдениетті, жаңашыл әрі жасампаз ұлттың ұпайы түгел. Сондықтан біз өркениетті ел болуға кедергі жасайтын жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек. Мен бұл туралы Ұлттық құрылтайдың отырысында айттым. Елдің болашағына кесірін тигізетін бес кеселге тоқталдым. Содан бері біршама жұмыс атқарылды. Вандализмге, лудоманияға тосқауыл қоятын заңдар қабылданды. Вейпке, яғни электронды темекіге тыйым салынды. Қабылданған шаралардың нәтижесі қазірдің өзінде көрініп жатыр. Әлеуметтік кеселдің бәрімен тұтас жұрт болып жұмыла күресу қажет» деп еліміздегі кез-келген әлеуметтік кеселдермен құқық қорғау органдары мен қоғам бірлесе күресіп нәтижеге қол жеткізу қажеттігіне баса көңіл аударды.
2024 жылдың 9 айында департамент қызметкерлерімен заңсыз ойын бизнесіне қарсы 10 қылмыстық іс тіркеліп, 13 заңсыз ойын залының жұмысы тоқтатылды. Сондай-ақ, 2 ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталып, 2 заңсыз онлайн ойыны және 500-ге жуық заңсыз ойын сайттары бұғатталды. Бұл туралы өткен брифингте облыстық Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Диас Сүлейменов мәлімдеді.
«2023-2024 жылдары аралығында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырушылардан жалпы құны 63 667 965 теңгені құрайтын 4 жылжымайтын мүлік пен 5 автокөлік тәркіленді. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде заңсыз лотерея ұйымдастырушыларды құқықтық жауапкершілікке тарту мақсатында ҚР Туризм және спорт министрлігіне хабарлама жіберілді. Өңір азаматтары заңсыз ойын залдары мен казино ойынханасын көрген жағдайда «Telegramm» әлеуметтік желісіндегі арнайы «АФМ insider» чаты арқылы анонимді арыз-өтініш тастай алады. Түркістан облысы аумағында заңсыз ойын бизнесімен күресу және жолын кесу үшін облыстағы құқық қорғау органдары және жергілікті билік органдарымен, БАҚ өкілдерімен, блогерлермен, ауыл билерімен өңірдегі тұрғындарымен бірге тұрақты жұмыстар жүргізілуде»-деді спикер.