ЖҮЗ ЖАСАҒАН АНАҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Түркістан облысында Қарттар күні мерекесі жан-жақты тойланып, көптеген іс-шаралар өткізіліп қарияларға мерекелік көңіл күй сыйлануда. Сол сияқты кей қариялардың үйіне аудан басшылары арнайы барып мейрамымен құттықтап, сый-сияпат жасауда. Өйткені, бүгінде самайларын ақ шалып, жүздерін әжім торлаған қарттарымыз кезінде өз туған өлкесінің дамуына шама-шарқынша үлес қосып, маңдай терін төккен азаматтар. Сол себепті де бүкіл саналы ғұмырын ел дамуына арнап еңбек еткен, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп, әлі де қоғамның өміріне белсене қатысып жас ұрпаққа өнее болып жүрген қариялар қандай құрметке де лайық.
Елімізде төртжүзден астам жүз жастан асқан қария болса, солардың қатарында сайрамдық Қызылкүл Қуандықова әжеміз де бар. Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитов бірқатар басшылық құраммен бірге 1 қазан – «Халықаралық қарттар күні» мерекесі қарсаңында жасы 100-ден асқан Ақбұлақ ауылының тұрғыны Қызылкүл Қуандықованы төл мерекесімен құттықтап, шаңырағына арнайы барды.
«Сіздің әрбір жүріп өткен өмір жолыңыз өскелең ұрпақ үшін өшпес өнеге. Міне, бүгінде еңбегіңіздің зейнетін көріп отырған шақта да ұрпақтарыңызға ізгі істердің жарқын үлгісін көрсетіп келесіз. Қашанда шаңырағыңыздың ұйытқысы болып, шаттықтың сәулесін себе беріңіз. Отбасыңызға береке, бірлік тілеймін!»,- деді аудан басшысы Арман Сәбитұлы.
Ғасыр куәсі атанған асыл анамызға аудан әкімі өзінің атынан арнайы құттықтау хаты мен сыйлықтарын табыстап, иығына ақ жаулық жапты. Өз кезегінде, жүз жасаған ана бүгінгі жас буынның өзіне көрсетіп жатқан сый-құрметіне аналық ақжарма тілегін арнады. Ауданды алға дамыту жолындағы жаңа бастамаларына сәттілік тілеп, ақ батасын берді.
Сондай-ақ, Сауран ауданы аумағында да бірнеше күннен бері Қарттар мейрамы қарсаңында түрлі мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылуда. 1 қазан Халықаралық қарттар күні мерекесі аясында Сауран аудандық әкімдігінің ұйымдастыруымен «Қарты бар үйдің қазынасы бар» тақырыбында мерекелік іс-шара болып өтті. Шараға аудан әкімі Мақсат Таңғатаров, облыстық мәслихат депутаты Баймахан Сүлейменов пен Сауран аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байыспаев және ауданның әлеуметтік-экономикалық саласының дамуына сүбелі үлес қосқан еңбек ардагерлері, аудандық ардагерлер кеңесі мен аналар алқасының мүшелері қатысты.
Салтанатты шара тарихи қойылыммен басталып, аудан басшысы Мақсат Таңғатаров арагерлерге ақ жарма тілегін арнады. «Халықаралық деңгейде атап өтілетін бұл мерекенің еліміз үшін маңызы зор. «Қартын сыйлаған елдің қазынасы мол болар» деген қазақ әр уақытта карттарын құрметтеп өткен. Ардагерлер еліміздің алтын қоры іспетті. Өмірде және өздері қызмет еткен салада тәжірибесі мол аға буынның өмір жолы біз үшін аса құнды. Аудандағы ауқымды жұмыстар қариялардың акыл-кеңестерімен жүзеге асып отыр», деген аудан әкімі қарияларды төл мерекелерімен құттықтап, дендеріне саулық тіледі.
Сонымен қатар, облыстық мәслихат депутаты Баймахан Сүлейменов пен аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байыспаевта қазыналы қарттарға құттықтау тілектерін жеткізді. Ауданның құрметті ақсақалдары Балтабай Жарылқасынов пен Сейілхан Ахметов, Сауран аудандық Әжелер алқасының төрайымы Райхан Полатова және өзбек этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Құрманбай Рысбеков сөз сөйледі. Онда «Бүгінгі жас ертеңгі елдің сенім артқан болашағы. Біз жастарымызға қандай өнеге көрсетіп, қандай тәрбие берсек еліміздің болашағы солай қалыптасады. Сондықтан, ұрпақ тәрбиесінде «сенікі, менікі» деген түсінік болмауы керек. Ол баршамызға ортақ міндет» дейді қазыналы қарттар.
Бар жастық жігері мен күш-қайратын елінің ертеңіне арнап, аянбай еңбек еткен қарттардың төл мерекелерін жоғары деңгейде атап өтуде аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары мен мереке иелері де өз үлестерін қосып, әсем әннен шашу шашты. Шара соңында ардагерлерге ақ дастархан жайылып, құрмет көрсетілді.