ИНТЕРНЕТ САПАСЫН ЖАҚСАРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ

0
52

Қазіргі заманда интернетсіз, цифрландыру технологиясынсыз бүгінгі күні мемлекеттің дамуын, адамдардың күнделікті қарым-қатынасы мен өмірін толыққанды елестету мүмкін емес. Барлық салаларда сандық технология, электроника, айти бағдарламасы мен жасанды интеллекттің кіріп жатқандығы соншалықты адам баласының өмірінде интернет үлкен маңызға ие болуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің биылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» деп аталатын Жолдауында мемлекетіміздің аймақтағы цифрландыру, электроникалық жетістіктерді пайдалану, инновациялық шешімдер арқылы халық шауруасының барлық салаларын, экономиканы, әлеуметтік, білім, денсаулық, қорғаныс, адамдар арасындағы қарым-қатынасты дамытуда алдыңғы орында келе жатқанын айтты.

Сол сияқты бұрын қағаз арқылы толтырылатын, іске асырылатын көптеген қызмет көрсету, қызмет алу сияқты операциялар, салалардың өзара қатынасы да бүгінде электрондық жолмен, цифрлық технологияларды пайдалану арқылы жүзеге асырылуда. Сондықтан «Қазақстан цифрландыру саласында қол жеткізген жетістіктерін еселей түсуге тиіс» екендігін айтқан болатын. Осыған орай Түркістан облысында цифрландыру саласын дамытып, интернет желілерінің қолжетімділігін арттыру мақсатында қарқынды жұмыстар атқарылуда. Облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Марат Айнабеков Бәйдібек ауданына іссапармен барып, базалық станциялардың жай-күйімен танысты.

Басқарма басшысы алдымен Мыңбұлақ, Бестоғай елді мекендеріне барып «Билайн», «Кселл, Актив» операторының базаларын көрді. Бұл жердегі интернет базалары елді мекенді толық қамти алмайды. Сол себепті «Билайн» операторына қосымша базалық станция салу және «Кселл, Актив» операторына байланыс стандартын күшейту тапсырылды.

Іссапар аудан орталығы Шаян ауылына жалғасып, тиісті сала өкілдерімен интернет желілерін дамыту мәселесі талқыланды. «Билайн» операторы тарапынан қосымша станция мұнарасы салынбақ. «Кселл, Актив» операторы қосымша антенна орнатқан. Бүгінде байланыс интернетін қосу жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, Ағыбет, Алғабас, Боралдай, Екпінді елді мекендерінде «Билайн», «Актив, Кселл» операторларының 4G стандартындағы байланыс пен интернеті қосылды. Ал Алғабас, Жамбыл, Көктерек, Бөген елді мекендеріне қосымша интернет станциясы салынбақ. Боралдай, Ақбастау, Алмалы, Ағыбет ауылдық округтерге талшықты-оптикалық интернет желісін тарту жоспарлануда.

Айта кетейік, Кеңестөбе, Ақбастау, О.Тайманов елді мекендерінде «Актив, Кселл» базалық станциясына техникалық жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қыркүйек айының соңына дейін жөндеу жұмыстары аяқталады, деп жоспарланып отыр.

Бұл атқарылып жатқан интернетпен елдімекендерді қамтамасыз ету жұмыстары сапалы жүзеге асырылатын болса Бәйдібек ауданының барлық аймақтарында интернет арқылы байланыстар мен цифрлық технология бойынша жасалатын жұмыстардың да сапасы жақсарып, қолдану аясы кеңи түспек.