АЙНАЛМА ЖОЛДЫҢ ҚҰЖАТТАМАСЫ ҚАЙТА ТҮЗЕТУДЕН ӨТКІЗІЛУДЕ

Елімізде қалалар мен елдімекендердің инфрақұрылымдарын жетілдіру, жаңадан салу, бұрынғысын жаңғыртып қайта жөндеуден өткізу арқылы сапасын жақсартып, халықтың игілігіне беру мақсатындағы жұмыстарға үнемі мән беріліп отырады. Себебі, әлеуметтік мемлекет ретінде Қазақстанда әлеуметтік мәселелерді бірінші кезекте орындау маңызды саналады. Сондықтан да бұл салаға жыл сайын үлкен қаржы бөлініп, оны игеру қатаң қадағаланады.
Түркістан облысында да өңірді дамытудың жоспарына сәйкес әлеуметтік инфрақұрылымдар, оның ішінде автокөлік жолдарын жаңадан салу мен күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарына жоспарлы түрде қаржы қарастырылып, оларды жүзеге асыру міндеттеледі. Елдімекендер аралығындағы қатынас жолдарымен қатар, қала, ауылдардыңішіндегі көшелердің автокөлік жолдарын жақсарту, жөндеу жұмыстары да үнемі назарда ұсталады.
Түркістан қаласының айналма жолы болып табылатын республикалық маңызы бар М-32 «Самара-Шымкент» автомобиль жолы бүгінгі таңда қаланың ішінде қалып отыр.
Қазіргі таңда бұл жолмен жүретін автокөліктермен ауыр жүк көліктерінің саны артып, жол кептелістері көбейіп, қалаға келуші туристерге қолайсыздықтар туғызуда. Осы орайда, М-32 «Самара-Шымкент» автомобиль жолына балама жол ретінде Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен «Түркістан қаласының шығыс айналма жолы» жобасы әзірленген болатын. Айналма жолдың жалпы ұзындығы 30 шақырымды құрайды.
Аталған жоба бүгінгі таңға дейін қаржыландырылмай техникалық-экономикалық негіздеме мен жобалау-сметалық құжаттаманың 3 жылдық мерзімі өтуіне байланысты, қазіргі таңда ТЭН мен ЖСҚ-ға қайта түзету жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Түркістан қаласында 845 шақырымды құрайтын 875 көше бар. Оның 45,4%-ы жақсы және қанағатты жағдайдағы жолдар. Ал 54,6%-ы – тас жол.
2024 жылдың жоспарына сәйкес, шаһардағы 47,1 шақырымды құрайтын 45 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Қазіргі таңда оның 41,7 шақырымдық 40 көшесіне асфальт төселді. 5,4 шақырымды құрайтын 5 көшеде құрылыс жұмыстары іске асырылуда. Асфальт салу жұмыстары инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы аяқталған, топырағы табиғи тапталу кезеңінен өткен көшелерде жүргізілуде. Аталған жұмыстардың нәтижесімен, жақсы және қанағатты жағдайдағы жолдар үлесі 45,4%-дан 50,3%-ға өсті.
Сондай-ақ биыл жол сапасын жақсарту мақсатында қосымша 36,8 шақырымды құрайтын 30 көшеге асфальт төсеу көзделген. Қазір 14 шақырымды құрайтын 10 көшеде орташа жөндеу жұмыстары басталды. Аталған көшелердің асфальт жолдарына толықтай қаржы қаралған жағдайда, жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.
Оған қоса биыл қалада 11,9 шақырымдық 11 көшеге аяқжол құрылысын жүргізу жоспарланған. Бүгінде 7,9 шақырымды құрайтын 8 көшеге аяқжол салынып, 4 шақырымды құрайтын 3 көшеде жұмыс жүргізілуде. Жоспар қазан айында толық аяқталады.
Қала аумағындағы инфрақұрылым жүйелерінің (сарқынды су, ауыз су) құрылысы салдарынан зақымдалған 102,6 шақырымдық 154 көшеге тас төсеу жұмыстары жүргізілді.
Айта кетейік, биылғы жоспарға сай, қала аумағындағы жарықтандыру жүйесімен қамтылған көшелер үлесін 95%-ға жеткізу көзделіп отыр. Қазіргі таңда шаһарда 243 көшеде жарықтандыру жұмыстары аяқталып, оның ішіндегі 107 көше қуат көзіне қосылды.