ҚАЗЫНАЛЫ ҚАРТТАР КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

«Қариясы бардың – қазынасы бар» дейді халық. Ұзақ жылдар ел үшін еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан соң да қоғамдық өмірге белсене араласып, жастарға ақыл-кеңесін айтып, өнегелі ісімен үлгі болып жүрген ардагерлер қандай құрметке де лайық. Созақ ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен қазыналы қарттар күні мерекесіне орай «Ата – ұрпақтың тірегі, әже шаңырақтың жүрегі» атты салтанатты шара өтті. Аудан орталығы Шолаққорған ауылындағы «Мыңжылқы» мәдениет үйінде салтанатты шарада аудан әкімі М. Тұрысбеков құттықтау сөз сөйледі.
-Аудан ардагерлері елдің бірлігі, халықтың татулығы жолында жұмылып үлкендігін көрсетіп келеді. Қашанда игі істің басында жүресіздер, жастарға үлгі болып «Таза Қазақстан» акциясында бастамашы болдыңыздар. Кезінде ауданның өсіп дамуына үлес қоссаңыздар, бүгінде қоғамдық жұмыста та белсенді болып келесіздер. Үлкенге құрмет жасау халқымыздың бойына сіңген ерекше қасиет. Бұл ұрпақтар сабақтастығының жарасымды жалғасы. Еліміздің қазіргідей биік белестерден көрініп, тәуелсіз мемлекет болып қалыптасуы жолында сіздердің қосқан үлестеріңіз ұшан-теңіз. Мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бүгінгі Түркістан қаласына сапары барысында «Қастерлі Түркістан жеріне арнайы келіп отырмын. Түркістан өңірінің келешегі жарқын деп ойлаймын. Жастарымызға үлгі-өнеге көрсетіп жүрген ардагерлерге алғыс айтқым келеді. Ең алдымен, жастарға қолдау білдіруіміз керек. Біз бәріміз бірігіп, ел үшін еңбек етуіміз қажет. Сырттан келетін тәуекелдер аз емес, — деп елді ауызбіршілікке шақырды. Сондықтан да сіздер аға буын болып, алдымызда ақылшы ретінде жүре беріңіздер,- деді.
Бірқатар аудан қарияларын әлеуметтік-экономикалық, әсіресе қоғамдық-саяси өмірінің дамуына қосқан орасан зор үлестері үшін алғыс хатпен марапаттады. Сондай-ақ мерекелік шарада аудандық мәслихат төрағасы О. Жамиев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ. Еспенбетов мерекемен құттықтап, алғыс хаттармен марапаттады.
Мерекелік іс-шарада «Сырлы Созақ» ардагерлер хор ұжымы өнер көрсетті. Тәрибелік мәні бар сахыналық көрініс концерттік бағдарламамен үйлесімін тапты.
Құқық бұзушылық пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссияның кезекті отырысы өтті
Әділетті Қазақстан орнатуда, адал еңбекті бағалауда кедергі болар қоғамдық дерт –жемқорлық. Онымен бүкіл қоғам болып күресу ғана нәтижеге жеткізеді.
Созақ ауданы әкімі аппаратының мәжіліс залында аудан әкімі Мұхит Тұрысбековтің төрағалығымен құқық бұзушылық профилактикасы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссияның кезекті отырысы өтті.
Мәжіліске Созақ ауданының прокуратурасы, Созақ ауданы полиция бөлімі, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Созақ аудандық бөлімі, Созақ аудандық орталық ауруханасы, аудандық білім бөлімі, Созақ аудандық пробация қызметі бөлімшесі және бөлім, мекеме басшылары, ауылдық округтер мен кент әкімдері қатысты.
Мәжілістің күн тәртібінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар талқыланып, бұл бойынша Созақ ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің, Созақ ауданы әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мен «Шолаққорған-Су» МКК-ы директорының баяндамалары тыңдалды.
Мәжіліс отырысында аудан басшысы әрбір басшы өзіне жүктелген жұмысқа жауапкершілікпен қарап, елге адал қызмет етудің маңыздылығын атап өтті. Сыбайлас жемқорлықты болдырмау, оның алдын алу бағытында ұтымды ұсыныстар көтерілді.
Сонымен қатар, меншікке қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу, жол-көлік оқиғасының көрсеткіші, отбасы – тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер профилактикасы жөніндегі мәселелер талқыланды. Күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелер жөнінде нақты шаралар қабылданды. Жауапты бөлім басшыларына, ауылдық округтер мен кент әкімдеріне сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілікті қалыптастыру, жолын кесу және алдын алуға бағытталған қолданыстағы заңдарды, ережелер мен стандарттардың сақталуын қамтамасыз етуге қатысты нақты тапсырмалар берілді.