«ЕҢБЕК КҮНІ» МЕРЕКЕСІНДЕ ЕҢБЕК АДАМЫ ҚҰРМЕТТЕЛДІ

0
56

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында жұмыстың жаманы болмайтынын, ең бастысы адам өз ісін жауапкершілікпен адал атқарабілуі тиістігін айта келіп «Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет. Азаматтарға құрметті атақ берудегі түпкі мақсатымыз да – осы. Бұған дейін мұғалімдерге, дәрігерлерге және мәдениет қайраткерлеріне осындай атақтар беріле бастады. Бұл – өте жақсы бастама, оның аясын кеңейту керек.

Біз түрлі саладағы мамандарға, қатардағы жұмысшыларға құрмет көрсетуіміз қажет. Бәсекеге қабілетті экономикасы бар озық ел боламыз десек, ең алдымен, адал еңбекті бағалаған абзал» деп Жаңа Қазақстанда адал еңбектің, қарапайым мамандық иелерінің де абырой мен құрметке бөленуі тиістігін, сол арқылы басқаларға, әсіресе, жастарға қай мамандық, кәсіптің болсын адал еңбек арқылы абыройға бөлейтінін түсіндіріп, насихаттауды тапсырды.

Сайрам аудандық мәдениет үйінде «Еңбек күні» мерекесі қарсаңында «Қоғам үшін әр маман қымбат» атты мерекелік іс-шара өтті. Мерекелік жиынға аудандық мәслихат төрағасы, құқық қорғау органдары қызметкерлері, «Amanat» партиясы Сайрам аудандық филиалының атқарушы хатшысы, мемлекеттік қызметшілер қатысты.

Іс-шараға келген қонақтар алдымен аудандық мәдениет үйінің алдында тақырыпқа сай көрмені тамашалап, мәдениет үйінің фойесінде мерекелік іс-шараға арналған фотозонаға естелікке суретке түсті.

Келесі кезекте аудан әкімі Арман Сабитов жиналған қауымды айтулы күнмен құттықтап, жүрекжарды лебізін жеткізді.

— «Баршаңызды қоғамдағы еңбек адамының беделін арттыруға бағытталған айрықша мереке – «Еңбек күнімен» құттықтаймын. Сіздерге мықты денсаулық, еңбектеріңізге жаңа табыстар, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін! Азаматтардың тұрмысын түзеу және мемлекеттің даму деңгейін арттыру жолында еткен еңбектеріңіз еселеніп, мәртебелеріңіз биіктей берсін!»- деді аудан әкімі.

Жиын барысында еңбек ардагерлері мен білім беру, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, Сайрам Ауданы Мансап Орталығы қызметкерлері, ҚР Үкіметінің 2023 жылғы 29 қарашадағы №1050 қаулысындағы еңбек нарығын дамытудың 2024-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасына қатысып жатқан азаматтар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері марапатталды. Айта кетейік, марапат иелеріне алғыс хаттарды аудан әкімі Арман Сәбитов, аудандық мәслихат төрағасы Шамхат Халмурадов, «АМАNAT» партиясы Сайрам аудандық филиалының атқарушы хатшысы Қуаныш Сыздықов табыстады.

Болашақ мамандардың білімдерін шыңдап, оларды аянбай еңбек етуге шақыратын іс-шара соңы мерекелік бағдарламаға ұласты.

Сол сияқты Сайрам аудандық мәслихаттың кезекті жиырмасыншы сессиясы мәслихат төрағасы Шамхат Халмурадовтың төрағалығымен өтті.

Кезекті сессия барысында өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы туралы Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитов бірқатар ақпараттар берді.

Аудан әкімі өз есебінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылым, шағын және орта бизнесті қолдау шаралары, жаңа жұмыс орындарын ашу және басқа да қызмет аспектілері туралы егжей-тегжейлі баяндады.

Сонымен қатар, Сайрам аудандық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары полковник Руслан Ендібаев Сайрам Ауданының Полиция Басқармасы бөлімінің 2024 жылы аудан көлемінде атқарылған жедел-қызметтік жұмыстарының қорытындысы бойынша баяндама жасады.

Бұдан бөлек, күн тәртібіне енгізілген Сайрам аудандық мәслихатының 2024 жылғы 5 тамыздағы №19-138/VIII «Жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдар жұмыскерлерінің лауазымдық айлықақыларына ынталандыру үстемақыларын белгілеу туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы, Сайрам аудандық мәслихатының 2024 жылғы 5 сәуірдегі №15-116/VIII «Жер қатынастары жөніндегі аудандық комиссия құрамы және ережесін бекіту», «Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығару туралы шарт жобаларын келісу», «Сайрам ауданы бойынша шетелдіктер үшін туристік жарна мөлшерлемелерін бекіту», Сайрам аудандық мәслихатының 2024 жылғы 28 наурыздағы №14-113/VIII «Сайрам аудандық әкімдіктің құрамын келісу туралы» шешіміне өзгеріс енгізу туралы, Сайрам ауданының «Құрметті азаматы» атағын беру және аудан әкімі жанынан құрылған ведомстволық комиссиялардың құрамына өзгерістер енгізу туралы мәселелер қаралды.

Аудандық мәслихат сессиясының күн тәртібіне енгізілген барлық мәселелер бойынша депутаттар тиісті шешімдер қабылдады.