ҚҰРЫЛЫС САПАСЫНА КӨҢІЛ БӨЛУДІ ТАПСЫРДЫ

0
47

Мемлекет басшысы биылғы жылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» деп аталатын қазақстандықтарға арнаған Жолдауында әлеуметтік мәселелерге тағы да көңіл бөліп, оның ішінде елдімекендерді инфрақұрылымдармен қамтамасыз етудің маңыздылығын айтты. Түркістан облысының әкімдігінің алға қоған міндеттеріне сай қалалар мен аудандардың басшылары өз аумағында инфрақұрылым мәселелерін шешіп, жақсартуды жүзеге асыруда. Елдімекендердегі инфрақұрылым мәселелері сапалы шешіліп, тұрғындардың пайдалануына берілсе, ауылдықтардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары жақсарып, өмір сүру деңгейлері көтеріліп, ел игілігі үшін белсене еңбекету мүмкіндіктері де артады. Ең бастысы қалалаықтар мен ауылдықтардың өмір сүру деңгейін теңестіре түсу бойынша Мемлекет басшысының берген тапсырмасы орындалып, ауыл тұрғындары өркениеттің жетістіктерін пайдалана алады.

Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов жұмыс жоспарына сай Қазығұрт, Қызылқия, Тұрбат және Қарабау ауыл округтеріне арнайы іссапармен барып, ішкі көшелерді ағымдағы жөндеу жұмыстарын бақылады.

Жұмыс сапары барысында Қазығұрт ауыл округінен «Қазығұрт ауыз су ұңғымасының құрылысы» мен бірнеше ішкі көшелерді ағымдағы жөндеу жұмыстарын көрсе, Қызылқия ауыл округінен «Қызылқия-Тұғыртас-Калин» автокөлік жолын орта жөндеу жұмыстарының барысын бақылады.

Сонымен қатар, Тұрбат және Қарабау ауыл округтерінде болып ішкі көшелерді орта жөндеу жұмыстарының құрылысының да барысын бақылады.

Әрбір нысан басында мердігер мекеме басшыларымен кездесіп, басты міндет құрылыстың сапасында екенін тілге тиек етті. Өз ұсыныстары мен ескертпелерін айтты.

Қазығұрт ауданының орталығы және барша ауыл округтерде аудан әкімі Азизхан Исмаиловтың бастамасымен «Таза аудан — таза жағалау» атты ауқымды сенбілік жұмыстары жүргізілді. Мұндай игі шараға 800-ге жуық мемлекеттік және қоғамдық қызметкерлер, ауыл округі тұрғындары, белсенді жастар қатысты. Сондай-ақ, арнайы техникалар жұмылдырылды.

Сенбілік барысында ең алдымен ауыл арасындағы барша ірі каналдар, арық-атыздар арнасы, суағарлар қоқыстан тазартылып, облыстық және аудандық маңызы бар жол бойлары, саябақтар, кәсіпкерлік және басқа да қоғамдық нысандарда шөп ору, қасбеттерін әрлеу, құрылысын ретке келтіру секілді жұмыстар жүргізілді.

Аудан әкімі Азизхан Исмаилов аудан орталығындағы сенбілік барысын жаяу аралап, барша арық-атыздардың жай-күйін көріп, өз сын-ескертпелерін айтты. Сондай-ақ, ауыл округі әкімдігі қызметкерлері мен аудандық Полиция бөлімінің қызметкерлеріне арық бойларына қоқыс тастаушыларға ескерту жасап, кейінгі кезекте айыппұл салып, тазалыққа шақыру керектігін қатаң тапсырды. Кемшіл тұстарды түзетуді және барша істі тиянақты атқаруды жүктеді.

Тазалық — денсаулық кепілі. Күз мезгілі келіп, жауын-шашын мөлшері көбейетін тұста мұндай сенбіліктің маңыздылығы жоғары. Сондықтан, барша аудан тұрғындарын өз ауласын таза ұстап, үлгілі қоғам мен экологиялық мәдениет қалыптастыру тұрғындардың азаматтық міндеті екені ұмытпаған жөн.