ТУРИЗМ САЛАСЫН ДАМЫТУ БАҒЫТЫНДА КЕШЕНДІ ШАРАЛАР ҚАЖЕТ

0
49

Мемлекеттік туризм саясаты бойынша республиканың барлық аймақтарында өздерінің туристік бағыттарын дамытуды қолға алуы қажет. Түркістан облысының қалалары мен аудандарының аумағында туризмнің бірнеше түрін қатар дамытудың мүмкіндіктері табылады. Сондықтан да облыс әкімі өңір басшыларынан өз аумақтарында туризмді қолға алуды, дамыту бойынша жұмыстарды ширатуды талап етеді. Өңірлердің басшылары да өз кезегінде туризмді өркендетуге байланысты атқарылып жатқан жұмыстарды назарынан тыс қалдырмайды.

Сауран ауданы әкімі аппаратының мәжіліс залында аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен аудан әкімдігінің кеңейтілген мәжілісі болып өтті. Мәжіліске әкімдік мүшелері, дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері және тиісті сала басшылары қатысты.

Мәжілістің күн тәртібінде 4 мәселе қаралды. Онда аудан көлемінде туризм саласын дамыту бағытында атқаралып жатқан жұмыстары және алдағы жоспарлары туралы кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Сұлтанғали Шакиров, «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесіндегі Д және Е санатындағы отбасылар санын төмендету бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Дәуірхан Асылбек баяндама жасады.

Сонымен қатар, 2024-2025 жылдарға жылу беру маусымына дайындық жұмыстары туралы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Асылбек Қанағат, мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің 8 айында атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарлары бойынша мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жанар Жұмабекова хабарлап өтті.

Әкімдік мәжілісінде қаралған мәселелер бойынша жоғарыда аталған бөлімдердің жасаған қаулыларының жобалары ұсынылып, өзгерістер енгізілді. Мәжілісті қорытындылаған аудан әкімі Мақсат Таңғатаров күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша дербес бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар беріп, орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды міндеттеді.