ЕКІ ЖИЫН ДА МАМАНДАРДЫҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІН АРТТЫРУҒА АРНАЛДЫ

«Қуатты өңірлер – Ел дамуының драйвері» болуы үшін аймақтардың жергілікті атқарушы органдары өз ауқымындағы жоспарлы жұмыстарды сапалы орындап, белсенді де жауапкершілікпен жұмыс жүргізуі қажет. Сол үшін де аудан басшылығы әр сала бойынша жоспарлы жұмыстардың орындалуының сапасы мен мерзімінде бітуін қатаң бақылауында ұстап отыр. Жұмысты атқаруға жауаптыларға талап та күшті. Осылайша қатаң тәртіп пен жауапкершілікпен жұмыс жасалғанда ғана оң нәтижелерге қол жетеді.
Келес ауданы әкімі аппаратының басшысы Бахтияр Абдрахмановтың төрағалығымен жиын өтіп, онда аудан әкімінің хаттамалық тапсырмаларының орындалуы, аудандағы санитарлық-тазалық жұмыстарының барысы талқыланды. Жиынға аудан әкімі аппаратының бөлімше басшылары мен дербес бөлім басшылары және ауыл, ауылдық округтерінің әкімдері мен жауапты мамандары қатысты. Жиында аппарат басшысы берілген тапсырмалардың орындалуында бірқатар кемшіліктер бар екенін айтып, жауаптыларға ескертулер берді.
– Аудан әкімінің берген тапсырмалары өз уақытында, жоғары деңгейде орындалуы тиіс. Себебі, ол кісі елмен кездесіп, біздің әлеуетемізге сене отырып, халықтың түйіткілін шешу бағытында нақты шаралар қабылдайды. Жұмысқа селқос қараған мамандардың жауапкершілігі қаралып, қажет болса қызметінен босайды. Бізге нақты жұмыс атқаратын мамандар қажет. Осыған дейінгі берілген тапсырмалар Абай ауылында өз деңгейінде ұйымдастырылмаған. Соңғы ескерту. Келесі жолы нақты шаралар қабылданатын болады, — деді аппарат басшысы.
Бүгінде Келес ауданының орталығында бірқатар әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Оған қоса «Рәміздер алаңы» мен «Арбат» құрылысы жүргізіліп, аяқталуға таяу. Сол сияқты жергілікті атқарушы органның алдында республикалық А-15 трассасының бойындағы нысандардың сыртқы қасбетін ретке келтіру, тазалық шарасын тұрақты түрде ұйымдастыру мен заңсыз құрылыстар бойынша қажетті шешім қабылдау міндеті тұр.
Соңғы жылдары елімізде құмар ойынға тәуелділік белең алып барады. Кейбір отбасылар үшін бұл үлкен қасіретке айналды. Лудоманияға қарсы күресте тәрбие ісі мен түсіндіру жұмыстарына ерекше мән берілуге тиіс. Осы орайда Келес ауданында лудоманиядан сақтану, құмар ойындарға және бәс тігуге қатысу бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдау туралы жиын өтті. Келес ауданы әкімі аппаратының басшысы Бахтияр Абдрахмановтың төрағалығымен өткен басқосуға дербес бөлім басшылары және ауыл мен ауылдық округі әкімдері қатысты.
– Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болдырмау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Бұл біздің қоғамды нығайтудағы және азаматтарымызды құмар ойындардың жойқын әсерінен қорғаудағы маңызды қадам. Заң нормаларымен халықтың ойынға тәуелділігін төмендетуге бағытталған шектеу және ынталандыру нормалары енгізілген, — деді аудан әкімі аппаратының басшысы Бахтияр Оралбайұлы.
Құмар ойындары, ғасыр дерті — лудомания туралы баяндаған Келес ауданы әкімі аппаратының заң бөлімшесінің басшысы Ерлан Ибраимов бұдан былай мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары құмар ойындарға/бәс тігуге қатыса алмайтындығын айтып, бұл шектеуді сақтамағаны үшін оларды жұмыстан шығару шарасы қарастырылғанын ескертті. Сонымен қатар құмар ойындары, бәс тігу және лудоманиядан сақтану, құмар ойынға шалдыққан кейіпкердің оқиғасы туралы Абай ауылының төбе биі Рахматулла Ермеков баяндап өтті.
Айта кетейік, ендішігі кезекте ойын бизнесін ұйымдастырушылардың қызметін реттеу тетіктері күшейтілетін болады. Ата-бабамыз «Ойынға ойсыз құмар» деп дөп басып айтқан. Бабалар тарихына үңілсек, құмар ойнау деген ұғым қазақ танымында болған емес. Дінімізде де бәс тігуді құп көрмейді. Бұл – біріне бизнес болса, біріне құмарлығын қанағаттандыратын іс болып табылатыны белгілі. Отбасының берекесін қашырып, азғындыққа апаратын бұл індеттен әр адам өз құмарлығы мен нәпсісін тыя білгені дұрыс. Құмар ойынға салыну өз өміріңді құрдымға жіберу деген сөз. Сондықтан, өз өміріміз өз қолымызда екенін біле жүрейік.