ҰСТАЗДАР ҰЛЫҚТАЛҒАН КҮН

0
88

Жер бетіндегі адам баласының басым бөлігі ұстаз алдын көріп өседі. Біздің елімізде де білім мен тәрбиені мұғалім арқылы меңгеріп, ұстазына қарай лайықты шәкірт болып мектеп қабырғасынан үлкен өмірге ұшады. Одан ары мамандықтарға да ұстаздар үйретіп, кәсібін меңгеруге көмектеседі. Сондықтан да, Түркістан облысында Мұғадімдер мерекесі күнінде ұлағатты ұстаздарға құрмет көрсетіліп, үздіктері марапатталды.
Арыста ұстаздар қауымының төл мерекесіне орай «Ұстаз жолы – ұлы жол» атты салтанатты шара өтті. Шараға қала әкімі Гүлжан Құрманбекова мен қалалық білім бөлімі басшысы Әшімхан Момбеков, білім саласына еңбегі сіңген ардагерлер мен ұстаздар және өнерпаз оқушылар қатысты.
Ұстаздарды ұлықтауға арналған шара аясында өнертапқыш мектеп оқушыларының төл туындыларынан арнайы көрме ұйымдастырылды. Ол жерде ұлттық ою-өрнекпен безендірілген тұрмыстық шаруашылық заттар мен құрал-жабдықтар жұртшылық назарына ұсынылды.
Қала әкімі Гүлжан Мамытқызы мереке иелеріне жүрекжарды тілегін білдіріп, білім саласында табысты еңбек еткен бірқатар ұстазға Алғыс хаттар мен ҚР Оқу — ағарту министрлігінің «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісін табыс етті.
Шарада білім бөлімі басшышсы Әшімхан Момбеков те бірнеше мұғалімді марапаттап, мерейін үстем етті. Мұғалімдерге Түркістан облысы әкімінің марапаты мен білім және ғылым министрлігінің, Арыс қалалық мәслихатының «Құрмет грамотасы», Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының «Алғыс хаты», Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының, облыстық білім және ғылым қызметкерлері жергілікті кәсіподақ комитетінің арнайы төсбелгісі табыс етілді.
Шара асында Алматы қаласында өткен Халықаралық би жанры бойынша II-орын жүлдегерлері атанған №4 бастауыш мектебінің «Айжұлдыз» би тобы өз өнерлерін паш етті. С. Адамбеков мектеп оқушыларының ұстаздарға мерейлі мерекеде жүректен шыққан жыр жолдарын ұсынды. Ал,«Алтын тұмар» балабақшасының тәрбиеленушілері «Кесте» биін орындап, көрермен ықыласына бөленді.
Қазығұртта да Мұғалімдер күні кәсіби мерекесі атап өтілді. Ұстаздық қызметте жүрген білім саласы қызметкерлеріне құрмет көрсетіліп, «Ұстазыма мың алғыс!» атты арнайы мерекелік шара ұйымдастырылды.
Мәдениет сарайында өткен жиынға аудан әкімі Азизхан Исмаилов, аудандық мәслихат депутаттары, аудандық білім бөлімі мен оған қарасты мектеп қызметкерлері, мұғалімдері және ардагер ұстаздар қатысты. Мерекелік шара аудан басшысының мерекелік жылы лебізімен басталды.
– Сіздердің мамандықтарыңыз елдегі ең қадірлі, ең мерейлі әрі аса жауапты салалардың бірі. Халқымыздың Ұлы батыры Бауыржан Момышұлының: «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді…» — деген жақсы сөзі бар. Шын мәнінде әр елдің болашағы жастарымен өлшенетіні ақиқат.
Алдымызда бәсекеге қабілетті елдердің қатарынан көріну міндеті тұр. Бұл өз кезегінде мұғалімдердің бойына екі есе жауапкершілік жүктейді. Себебі, ертеңгі күннің қоғамдық-саяси, экономикалық мәселелерін шеше білетін білімді де білікті ұрпақты тәрбиелеу Сіздердің қолдарыңызда. Баланың болашағы, оқуда қандай жетістікке жететіні, өмірде қаншалықты табысты, іскер адам болатыны тікелей тәлімгерге байланысты. Осы уақытқа дейін Тәуелсіз мемлекетіміздің басты құндылығы – білімді әрі тәрбиелі ұрпақ болып келген және бұдан кейін де солай болып қалады! – деді аудан әкімі.
Шара барысында арнайы көрмелер ұйымдастырылып, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары мен өнерлі ұстаздар, оқушылар өз кезегінде мерекелік концерт ұсынды. Сондай-ақ, аудан әкімі қазығұрттық ұстаздарға арнайы алғыс хаттарын табыстады.