ҰСТАЗДАР ҰЛЫҚТАЛҒАН КҮН

Қазақ халқында ежелден тәлім-тәрбие беруші тәлімгер мен өнер-білімге үйретуші, дүниенің білімін шәкіртінің санасына сіңіруші мұғалімдерді құрметтеп, төрден орын беру әдебі қалыптасқан. Халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы «Ұстаздық – ұлы құрмет, себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді, Өмірге ұрпақ беретін аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз» деген. Бала бойына ата-анадан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, ұлттық сана-сезімді сіңіруші адам – мұғалім.
Жетісай қаласындағы «Алпамыс батыр» атындағы №8 жалпы орта мектебінде «Мұғалімдер күні» мерекесіне арналған салтанатты жиынға Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов пен аудандық білім бөлімі басшысының м.у.а Шоқан Адайбеков, аудандық мәслихат аппаратының басшысы Сакен Досымов пен аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Бақыт Жаңбырбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Махамбет Айтбай мен Түркістан облысы білім басқармасының мамандары Зүбайра Алтаева, Лаура Медетова мектеп директорлары, мұғалімдер мен ардагер ұстаздар қатысты.
«Ұстаз – қай заманда болмасын қоғам дамуының негізгі тетігі саналатын қасиетті де қастерлі мамандық. Өйткені, мұғалімнің берер білімі мен өнегесінсіз адам баласының жеке тұлға ретінде қалыптасуы, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуы, тарих пен тағылымды оқып білуі әсте мүмкін емес. Міне, сондықтан да болар соңғы жылдары елімізде педагогика саласының мамандарына мемлекет тарапынан ерекше қамқорлықтар жасалып, мәртебесін биіктету шаралары қызу қолға алынған. Ұстаздар мен оқушылардың заман үдерісінен шеттеп қалмай өз бетінше ізденуіне, білімі мен біліктілігін арттыруына мүмкіндігінше жағдай жасалып, білім ошақтарының материалдық-техникалық базалары жақсаруда. Нәтижесінде, білім мен ғылымға қызығушы қазақстандықтардың қатары артқан» деген аудан әкімі құрметті мамандық иелерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, ыстық лебізін білдірді.
Заман талабына сай әр баланың қабілетіне қарай дарындылығын дамытып, дүбірлі білім жарыстарында жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шәкірт шығарып жүрген ұлағатты жандардың ерен еңбектері ескеріліп сый-құрметке бөленді. Биіктерді бағындырып, білім бәсекесіне қабілетті шәкірттерді тәрбиелеп жүрген 170-ке тарта тәжірибелі ұстаз аудан әкімі Серік Үсенұлының, аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов пен «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Асқар Қайназаровтың, аудандық білім бөлімі басшысының м.у.а Шоқан Адайбековтың алғыс хаттарымен марапатталды. 22 ұстаз білім саласының жоғары марапаты «Ы.Алтынсарин» медалінің иегері атанды.
Салтанатты шара барысында аудан өнерпаздары мен мектеп оқушылары концерттік бағдарламаларын ұсынып, көпшілікке мерекелік көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Әуелете ән салып, күмбірлете күй төкті. Мың бұрала би билеп, Жетісай аспанын шаттыққа бөледі.
Ордабасы ауданында да ұстаздар қауымының төл мерекесіне орай «Ұзтаздың жолы ұлы жол» салтанатты іс-шарасы өтті. «Ұстаздар күні» мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған жиынға аудан әкімі Азат Оралбаев арнайы қатысты.
«Құрметті ұстаздар! Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Ұстаздар күнімен құттықтаймын!
Жалпы ұстаздар қауымы жайында халқымыздың хас батыры, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының: «Ұстаздық – ұлық емес, ұлы қызмет. Себебі, ұрпақты ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді. Өмірге ұрпақ әкелген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты ары қарай тәрбиелеп, білім беретін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз» деген сөзі бар.
Әрқашан денсаулықтарыңыз мықты, өмір жастарыңыз ұзақ болып, отбасыларыңыз береке-бірлікпен көркейсін. Өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындатуда жаңа биіктерден көріне беріңіздер» – деген Азат Оралбаев Ордабасы ауданының білім саласында қажырлы еңбек етіп, үздік шәкірттер тәрбиелеген бірқатар ұстаздарды облыс әкімі Дархан Сатыбалдының «Алғыс хатымен», «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен, және Алғыс хаттармен марапаттады. Іс-шара соңында ұзтаздар мен оқушы өнерпаздар әннен шашу шашып, бишілер көтеріңкі көңіл күй сыйлады.