ФЕСТИВАЛЬ ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ЖАҢҒЫРТУҒА КӨМЕКТЕСУДЕ

Облыс орталығында жыл бойы жалғасып келе жатқан «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі екінші жыл өтіп жатқанына қарамастан түрістандықтардың, қала қонақтарының ғана көңілінен шығып қоймай аудандардың тұрғындарына да серпіліс беруде. Өйткені, осы өнер фестиваліндегі ұлттық қолөнер мен спорттық ойындарды қызықтаушылардың олармен айналысуға деген де ынтасы артуда. Бір сөзбен айтқанда, «Өнерлі өлке» облыс тұрғындарының ұлттық құндылықтарды, оның ішінде ән мен жырдығ спорттық ойындарды, салт-дәстүрді жаңғыртып, заман талабына сай дамыта түсуге құлшындыруда.
Түркістанда «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясындағы Ордабасы ауданының мәдениет күндері жалғасып жатыр. Этноауылда қазақ халқының ұлттық құндылықтары таныстырылып, насихатталып, егемендік алғалы жаңғыртылып, қайта дамып келе жатқан ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өткізілді. Іс-шараны тамашалауға келген түркістандық 74 жастағы қария 45 келілік бөренені он рет көтеріп, дүйім жұртты таңғалдырды. Сонымен қатар, арқан тарту, қазақша күрес, қол күрес, асық ату, қошқар көтеру, ләңгі тебу секілді ұлттық ойындар дәріптелді. Белсене атсалысып, жеңіп шыққан қатысушылар марапатталды.
Шара барысында ауыл шаруашылық және кәсіпкерлік салаларының көрсеткіші мен өнімдерінен және «Ордабасы тартулары» атты ұлттық тағам көрмесі, қолөнер шеберлерінің көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. «Темірлан» халық театры мен «Жас толқын» балалар мен жасөспірімдер театры Алтыбақан маңында «Ақ сүйек» театрландырылған қойылымын паш етті. Ордабасы аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған «Ордабасы» фольклорлық халық ансамблінің әуезді әндері мен дала сарынына айналған күйлері рухани-мәдени шараның сәнін келтірді.
Кешкісін «Керуен сарай» туристік кешенінде Еркін Нұржанов, Жанел Нұржанова, Асқар Жүнісбеков, Асқар Қалмырза сынды танымал өнер шеберлерінің қатысуымен «Ордабасы – құт мекенім» гала-концерті өтіп, түркістандықтар мен қала қонақтарын әсем де әуезді әндермен шаттыққа бөлеп, көңіл-күйдерін көтерді.
Сол сияқты, қала, аудандарда да көптеген өнер байқаулары, фестивальдері де жиі өткізіліп тұрады. Мәселен, Сарыағаш ауданының мәдениет үйінде «Ақ әжелер әуені» атты фестивальдік іс-шара өткізілуде. Фестивальге арнайы қатысқан аудан әкімі Арман Абдуллаев:
— Сіздердің бүгінгі өнерлеріңіз өскелең ұрпаққа зор тағылым, тәрбие екені сөзсіз. Биыл 14-ші рет ұйымдастырылып жатқан өнер додасында сіздерді көргеніме қуаныштымын! Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін! Қазанын оттан түсірмей, қазынамызды дәріптеп жүрген ақ әжелер аман болсын!- деп, фестивальге қатысушыларды арнайы алғыс хатпен марапаттап, бағалы сыйлықтарды табыстады.
Ауылдық клубтар мен мәдениет үйлеріндегі әжелерден құралған топтардың шығармашылық белсенділігін арттырып, қазақ композиторларының әндерін насихаттау, халықтың рухын жаңғыртуға үлес қосу мақсатында ұйымдастырылған фестивальге 18 әжелер тобы қатысып, 160 әже сахна төрінде өнер көрсетті.
Әжелердің өнерін, өнегесін паш ететін осындай шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады.
