ТҮРКІСТАНДЫҚ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

0
82

Түркістан облысының полиция департаменті құқық қорғау, оның ішінде ана мен бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жастарды жаман әдет, қылмыстық істерден сақтандыру, алдын алу жұмыстарын, қыз балалардың тәрбиелі болып өсуіне үлес қосу, бір сөзбен жас ұрпақтың ұлттық құндылықтарға сай азамат болуын насихаттап, алдын алу шараларын жоспарлы түрде өткізіп келеді.
Түркістан облысында бірқатар үздік қызметкерлердің еңбегі ескеріліп, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі тарапынан марапатталды. Түркістан облысы Полиция департаментінде бірқатар үздік және жеңімпаз қызметкерлер марапатталды.Тарқатып айтар болсақ, кезектен тыс полиция полковнигі арнаулы атағы Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ермек Усербаевқа, ал подполковник арнаулы атағы Әділет Тәңірбергеновке берілді.
Сонымен қатар жақында ҚР ІІМ тарапынан қызметі жоғары бағаланып, ІІМ Е.Саденовтің атынан Түркістан облысы ПД-нің баспасөз қызметі «Тіл жанашыры» грамотасымен марапатталса, ІІМ-нің алғыс хатымен Шахрух Баратов пен баспасөз қызметінің инспекторы Дана Ахметқызы мадақталды.
ҚР ІІМ-нің ұйымдастыруымен Алматы қаласында «Спорт — есірткіге қарсы» ұранымен өткен республикалық жарыста Түркістан облысы Полиция департаментінің «Тұран» командасы топ жарып жүлделі ІІ-орынды иеленді. Аталған команданың жасөсіпірім жас сақшылары Департамент бастығының алғыс хатымен марапатталып, сый-сияпаттар табыс етілді.
Сондай-ақ «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалі Мұрат Пернешевке, ҚР ІІМ-нің Грамотасы Ержан Джабашев пен Жасұлан Шәріповтерге берілді.
Марапаттарды табыс еткен Түркістан облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Бағланбек Айтпаев барлық үздіктерге жылы лебізін білдіріп, қызметтеріне сәттілік тіледі.
Сол сияқты, Келес аудандық полиция бөлімінің инспекторы Эльмира Есенкулованың ұйымдастыруымен аудандағы №13 Кәсіптік колледжінде «Қызға қырық үйден тыйым» атты тақырыпта қыздар арасында жиналыс өткізді.
Жиналысқа директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, мектеп медбикесі мен «Отбасын қолдау» орталығының психолог маманы Д.Абдирова және студент қыздар қатысты
Алғашқы сөз кезегі колледждің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ербол Мамбетовке берілді. Өз сөзінде қыз балаға берілетін тәрбиенің маңызы, қоғамда қыз бала тәрбиесінде жіберіліп жатқан олқылық тұстарды тілге тиек ете отырып, қыздардың тән мен ар тазалығы туралы түсіндіріп, бесігінде жақсы тәрбие алған қыз бала ертеңгі ана екендігін еске салды. Сондай-ақ шарада олардың құқықтары мен міндеттері талқыланды.
Интернеттегі зорлық-зомбылық пен ерте жүктіліктің алдын алу, тән саулығы мен жеке гигиена жайлы дәрістер оқылды. Яғни «Ерте жүктілік несімен қауіпті?» және «қажетсіз жүктіліктен қалай сақтану керек?» туралы сұрақтар төңірегінде қозғалды.
Сонымен қатар, студенттерге профилактикалық сипаттағы бейнероликтер көрсетіле отырып, олардың құқықтары мен міндеттері түсіндірілді. Жиналыс соңында студент қыздар лауазымды тұлғаларға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, нақты жауаптарын алды.
Жетісай аудандық полиция бөлімінің психологы Дина Аубакирова №1 М.Горький атындағы мектептің жас сақшыларын ауданымызда орналасқан Қ.Жандарбеков атындағы мұражайға қонаққа шақырып, арнайы экскурсия ұйымдастырды.
Болашақтың тұтқасы бүгінгі жас өскіндер мұражайды тамашалап, тарихи жәдігерлермен танысты. Мұражай қызметкерлері жас сақшыларға танымдық экскурсия жүргізіп, туған өлкенің елеулі тарихи оқиғалары жөнінде баяндап берді.
Сонымен қатар олар мұражаймен танысу барысында пайдалы ақпараттарға қанықты. Қазақ даласында орын алған оқиғалармен танысқан олар алдағы уақытта қиыншылықпен келген атамекен жерлерін қорғауға дайын екенін жеткізді. Ал болашақ мамандарды тәрбиелеу мақсатында өткізілген мұндай шаралар, алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.