АВТОЖОЛДАРДЫҢ БОЙЫНДАҒЫ СЕРВИС САПАСЫ ЖАҚСАРАДЫ

0
108

Мемлекет басшысы осы жылдың маусым айында өткен жиында елімізде туризм саласын дамытуда жан-жақты жұмыстар қолға алынып, инновациялық шешімдер мен инфрақұрылым мен сервистік қызмет көрсету сапаларын да жақсартуды тапсмырған.Түркістан облысына келуге қызығушылық танытатындар қатары күн санап артып келеді. Түркі әлемінің туристік астанасы атанған киелі өңірде соған сай туристік жобалар қолға алынбақ. Сонымен қатар аудан, қала әкімдері киелі нысандардың тазалығын сақтап, сол аумақтағы жол белгілері мен жарықтандыру мәселесін шешіп, автокөлік жолдары бойында тазалықпен бірге жолаушылар мен туристерге сапалы сервистік қызмет көрсетуді ұйымдастырулары тиіс. Сонда облыс туризмі қарқынды дамуға бет алады.

Түркістан облысында республикалық маңызы бар жол бойында орналасқан санитарлық-гигиеналық тораптар жаңартылып, талапқа келтіріледі. Бұл мәселе облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен жиналыста талқыланды.

– Туризмді дамыту үшін жол бойындағы санитарлық-гигиеналық нысандар талапқа сай болуы тиіс. Толық зерделеп, нақты ұсыныс беріңіздер. Жолаушыларға да, туристерге де жол бойында сапалы қызмет көрсету керек, – деген облыс әкімі жауаптыларға тиісті тапсырмалар берді.

Өңір басшысының тапсырмасымен облыстағы республикалық маңызы бар жол бойында орналасқан санитарлық-гигиеналық тораптардың жағдайына мониторинг жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, «Түркістан – Шымкент», «Шымкент – Жамбыл облысы», «Шымкент – «Жібек жолы» бекеті бағыттары тексерілген. Қазіргі таңда, аталған бағыттағы автомобиль жолдарында жалпы саны 102 санитарлық-гигиеналық торап жұмыс атқаруда. Оның ішінде: 52 әжетхана жанар-жағар май құю бекеттерінде, 28 әжетхана жол бойындағы сервис нысандарында, 22 әжетхана жеке орналасқан.

Әжетханалардың басым бөлігінің санитарлық жағдайы төмен екендігі анықталып отыр. Басты мәселелері – тазалық жұмыстарының уақтылы жүргізілмеуі және күтіп-ұстау жұмыстарының тиісті деңгейде болмауы. Кейбір әжетханалар мүлдем қараусыз қалған.

Жиында 11 орында әжетханаларды бұзып, орнына жаңа әрі санитарлық талаптарға сай нысан орнату туралы ұсыныс берілді. Туризм басқармасы тарапынан ақпараттық дүңгіршік пен әжетханамен қамтылған 3 модульдік нысан орнату туралы да ұсыныс қаралды. Сонымен бірге облысқа кіреберіс жолдар бойында аймақтың туристік әлеуеті бойынша ақпарат беретін үлкен ақпараттық стендтер орнату идеясы айтылды. Ақпараттық стендте облыстың туристік орындары көрсетілген карта және туристік нысандар бойынша мәлімет үш тілде жазылады деп көзделген.

«Ауыл-Ел бесігі» жобасы аясында Кентау қаласына қарасты Байылдыр, Қарнақ ауылы және оған қарасты Құсшы-ата елді мекеніндегі жалпы ұзындығы 16 шақырымды құрайтын 22 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

Қазіргі таңда, орташа жөндеу жұмыстары басталып, асфальт жабындыларын төсеу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Қарнақ ауылындағы Қашқари, Жаңа бақ көшелеріне асфальт жабындылары төселді.

Ал, Есімхан Шағай көшесіне асфальт жабындысын төсеу жұмыстары жүргізілуде. Нысандардығы тиісті жұмыстарды ағымдағы жылдың қазан айының соңына дейін аяқтау көзделуде.

Сонымен қатар, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы аясында Шанхай мөлтек ауданындағы 4,2 шақырымды құрайтын Степная және Гаражная көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.