РЕСПУБЛИКАЛЫҚ РЕФЕРЕНДУМДА ӨЗ ТАҢДАУЛАРЫН ЖАСАУДА

0
66

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 2 қыркүйектегі № 636 Жарлығына сай, бүгін еліміздің барлық өңірлерінде референдум өтуде. Айта кетейік, республикалық референдумға жасы 18-ге толған еліміздің барлық азаматтары қатыса алады. Саяси науқандағы бюлетенде тұрғындар «Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?» сұрағына өз жауабын белгілеуде.

Республикалық референдум бойынша аудан аумағындағы 89 сайлау учаскесі таңғы сағат 7.00 ден бастап заңдылықтарға сәйкес, өз жұмысын бастады. Саяси науқан аясында азаматтар елдің экономикалық және экологиялық болашағына алаңдап, белсенділік танытуда. Жалпы аудан аумағында 137 776 азамат атом электр станциясының құрылысына қатысты өз таңдауын жасауға қатысады деп күтілуде.

Егемен еліміз үшін өзінің азаматтық борышын атқарып, референдумға дауыс беруге келген азаматтардың қарасы да қалың. Алғашқы болып дауыс беруші қарт кісі батасын берді. Ал, алғашқы болып дауыс берген азаматтарға және ең жас дауыс берушіге сыйлық табысталды.

Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылдық округінің №580 референдум учаскесінде Ұлы Отан соғысының ардагері Анартаев Ахмеджан атамыз өз таңдауын жасады. Қарт майдангер: «Елдің болашағы үшін әрбір қазақстандық референдумда өз дауысын беруге міндетті. Бүгінгідей ел еңсесін тіктеген шақта ауызбірлігіміз мықты болуы тиіс», — деді.

Сондай-ақ, қарт жауынгер референдумға келушілерге, ондағы комиссия мүшелері мен байқаушыларға бүгінгідей саяси науқанның сәтті өтуіне тілектестігін білдіріп, ақ батасын берді. Жалпы, сайрамдықтардың сайлауға деген белсенділігі жоғары деңгейде көрініс беруде.

Ауданға қарасты Ақбұлақ ауылының ақ жаулықты әжелері №527 референдум учаскесіне барып, өз таңдауларын жасауда. Еліміздің болашағы үшін жауапкершілікті сезінген әжелеріміз таңсәріден бастап дауыс беруге келді. Олардың атом электр станциясының мән-маңыздылығы бойынша танытқан азаматтық белсенділігі жас ұрпаққа үлгі болары сөзсіз.

Елімізде тұрақты энергия көзіне көшу бойынша ауданымыздағы мүмкіндігі шектеулі азаматтар өз шешімдерін қабылдауға атсалысуда. Аудан аумағындағы әр учаскелерде мүмкіндігі шектеулі жандарға толықтай жағдай жасалған. Ол үшін сайлау учаскелерінде 8653 азаматқа арнайы кабиналар, тактильдік төсемелер мен арнайы бұрыштар, тұтқалар және пандустар жабдықталды. Сол сияқты ауданға қарасты 42 елді мекенде 5 инватакси автокөлігінің қызметі аталған азаматтар үшін қызмет көрсетуде.

Барлық 89 референдум сайлау учаскелерінде азаматтар санаттары бойынша жеке бөлінген. Сондай-ақ, «Қолжетімді орта» интерактивті қолжетімділік картасына» мүгедектігі бар азаматтарға ыңғайлы жерлер көрсетілген ақпараттар электронды картаға енгізілді.

Бұл шаралар мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беру мүмкінділігін арттырып қана қоймай, олардың еліміздің энергетикалық даму жолындағы мәселелерге бей-жай қарамайтынын аңғартады.

2024 жылы 2 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «2024 жылғы 6 қазанда республикалық референдум өткiзу туралы» Жарлыққа қол қойған болатын.

Бұл бастама аудан тұрғындары тарапынан да ыстық ықыласпен қабылданды. Осы ретте, аудан аумағындағы ауыл округтерінде референдум жоғары деңгейде өткізілуде. Және мұнда Таулы Қарабақ ұрыс қимылдары ардагерлері де өз таңдауларын жасауда.

Мемлекетіміздің жарқын болашағы үшін үн қосатын сындарлы сәтте әрбір азаматтың атсалысуы маңызды. Сондықтан жалпыхалықтық референдум кезіндегі дауыс беру мүмкіндігінен ешкім шет қалмады. №555 референдум учаскесінің мүмкіндігі шектеулі сайлаушылары үйлерінде өз таңдауларын жасады.

Сайрам ауданы, Ақбұлақ ауылындағы референдум учаскелерінен шалғай орналасқан тұрғындарға демеушілер есебінен тегін тасымалдау қызметі көрсетіліп, дауыс берушілерге қолайлы жағдай жасалуда.

Ауданға қарасты Ақбұлақ ауылында 2 референдум учаскесі бар. Учаскелер интернет, байланыс телефоны, бақылау камераларымен, қосымша электр көздерімен және арнайы басқа да құрал жабдықтармен толық қамтылған.