РЕФЕРЕНДУМҒА ҚАТЫСУШЫЛАРДЫҢ ҚАРАСЫ ҚАЛЫҢ
Түркістан облысының Келес ауданында 70 мың 642 дауыс беруші бар. Барлық 61 референдум учаскесінде 58 байқаушы мен мобильді капитандар жұмыс істеуде. Сондай-ақ, 83 ауылдық елді мекенде тұрғындарды тексеру үшін жылжымалы медициналық пункттер жұмыс істеп тұр. Жалпыұлттық референдум нәтижесі негізінде халқымыз Қазақстанда атом электр станциясын салу қажет пе, әлде қажет емес пе деген мәселені шешеді.
Келес ауданына қарасты Бірлік ауылдық округіндегі референдум учаскелері жұмысын бастады. Таңертеңнен бастап ауылдың тұрғыны дауыс беруге келіп, белсенділік танытты.
«Бүгінгі референдумның маңызы зор. Бұл – халықтың елдің болашағына қатысты шешімдерді өз қолына алатын сәті. Әрбір дауыс берушінің таңдауы маңызды. Өз таңдауымызбен біз мемлекетіміздің дамуына үлес қосамыз. Мені бүгінгі референдумға азаматтық борышым жетеледі. Біз өз болашағымызға немқұрайлы қарамауымыз керек», – деді ауыл тұрғыны Назаров Асқан ақсақал.
Келес ауданындағы Ақтөбе ауылдық округіндегі №360 референдум учаскесінде ауыл биі Тұрлыбек Садихов келіп ел болашағы үшін өз таңдауын білдірді.
«Біз қазақ «Алға тартқан озады, кейін кеткен тозады» деген тәмсілге бас иген халықпыз. Бірлік әрқашанда маңызды. Ел үшін өзекті істерге үлес қосуымыз керек. Сондықтан әрбір саяси науқан кезінде өз таңдауымды жасаймын. Мемлекеттің дамуы келешегіміз үшін қажет. Ұрпақтарымыз аман болсын», — деді ауыл биі.
Келес ауданына қарасты Бозай ауылдық округіндегі №59 Б.Момышұлы мектебінде 35 жыл директордың тәрбие жөніндегі орынбасары қызметін атқарып, зейнетке шыққан еңбек ардагері, ұлағатты ұстаз Хидиров Мырзабай Рахымұлы №375 референдум учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады.
«Бүгін мен елімнің болашағы үшін өз үлесімді қосқалы отырмын. Әр адам дауыс беруге белсенді қатысуы керек. Себебі біз жаңа Қазақстанды бірге құруымыз керек. Бүгінгі референдум – өзгерістерге бастайтын маңызды қадам», — деді Мырзабай Рахымұлы.
Жуырда Келес ауданының Ақтөбе ауылдық округінің 33 жастағы тұрғыны 7 қыздан кейін үшем босанып, 10 баланың анасы атанған болатын. Көптен күткен ұлдарына Қасым, Жомарт есімдері, қыздарына Кемел есімі берілген еді.
Осы орайда Келес ауданындағы үшемнің анасы Гүлназ Мыңжасар осындай шешуші сәттен қалыс қалмау қажет деп шешкенін айтады. Ақтөбе ауылдық округінде тұратын «Алтын алқа» иегері Гүлназ Мыңжасар сайлау учаскесіне үшем Қасым, Жомарт, Кемелді ертіп келді.
«Бүгін сайлауға келдік. Осындай шешуші сәттен қалыс қалмауымыз қажет деп таптық. Өйткені балаларымыздың ертеңі бүгінгі шешімге байланысты. Балаларымыздың болашағы жарқын болсын деген ниетпен таңдау жасадық, — дейді алтын құрсақты ана.
Саяси науқанда белсенділік танытқан үшемдердің ата-анасына естелік сыйлықтар табысталды. Жалпы, Келес ауданында дауыс беруге келіп жатқан көпбалалы аналардың дақарасы қалың.