САРЫАҒАШТА НАШАҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ФОРУМ ӨТТІ

0
70

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы екінші қыркүйектегі Жолдауында «Тағы бір маңызды міндет – есірткі саудасына және нашақорлыққа қарсы күрес. Бұл – ұлттың генетикалық қорын аман сақтап қалу мәселесі деген сөз. Біз осыған дейін қажетті заңнамалық шараларды қабылдадық. Бірақ, нақты нәтижеге қол жеткіздік деуге әлі ерте. Әрбір мемлекеттік құрылым, әсіресе, құқық қорғау органдары тиімді жұмыс істеп жатыр деп айта алмаймыз. Есірткі мәселесі ушығып барады» деп есірткі, нашақорлық, лудомания сияқты адам өмірін бұзып, жастарды теріс жолға түсіретін қоғамдағы жаман қылықтармен тек құқық қорғау орындары ғана емес бүкіл халық болып күресу қажеттігін айтты. Дүниежүзінде. Көптеген дамыған, дамымыған мемлекеттердің де бас ауруына айналған бұл «ғасыр дерті» атанған нашақорлықпен күресте белгілі бір нәтижеге жету үшін қоғам болып күресу керек. Әсіресе, жастарды бала кезінен одан аулақ болуға шақыратын шараларды көбірек өткізіп, олардың есірткіге деген жеккөрушілігі мен төзбестігін қалыптастыру бойынша ақпараттық, насихаттық шаралар жүйелі өткізіліп отыруы тиіс.
Аудандық мәдениет үйінде «Нашақорлыққа жол жоқ, Біз жарқын болашақты таңдаймыз!» атты форум өтті. Аталған форумға аудан әкімі Арман Абдуллаев, аудан прокураторы М. Мошкалов, ҚР президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, «Қаратау» өнер мектебінің директоры, айтыскер ақын Б. Байтуов, Облыстық «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің директоры М. Халықов, аудандық полиция бөлімінің бастығы Е. Бейсебаев, Дзюдо күресінен ҚР енбек сіңірген жаттықтырушысы, Самбо күресінен ҚР спорт шебері, ауданның құрметті азаматы М. Асилов, зиялы қауым өкілдері, аудан тұрғындары және БАҚ өкілдері қатысты.
Жастардың синтетикалық есірткіні қолдануы, жалпы оның кез келген адам денесі үшін тигізетін зияны, есірткі түрлерін сату, егу, тасымалдау үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылатыны және басқа да түрлі жағдайларды мысал еткен театрландырылған қойылым көрсетіліп, форумның шымылдығы ашылды. Сонымен қатар есірткі қылмысына қарсы атқарылған жұмыстар мен қабылданып жатқан шаралар туралы бейнеролик көрсетілді.
— Есірткісіз қоғам құру – Қазақстанның әрбір азаматының алдындағы міндеті. Есірткінің, оның ішінде синтетикалық есірткінің таралуы болашақ ұрпақтың әл-ауқатына қауіп төндіретіні бәріңізге белгілі. Мемлекет басшысы Қасымжомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Қазақстан халқына дәстүрлі жолдауында өскелең ұрпақтың сау, білімді, тәрбиелі патриот болып өсуі үшін — есірткі саудасының алдын алу шараларын күшейту бойынша тапсырмасына, есірткі саудасына, нашақорлыққа қарсы күресу маңызды міндет екенін атап өтті. Заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз қажет. Сондықтан қажетті заңнамалық шараларды қабылдап, нақты нәтижеге қол жеткізу бағытында тиісті жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда психотроптық заттардың заңсыз айналымымен күрес күнделікті жүргізілуде. Бұл жұмыстар ары қарай да жалғасын табады. Бүгінгі жиын нәтижелі болып, аға ұрпақтың, жас белсенділердің айтылған ой-пікірлері, тәжірибелері осында отырған мектеп оқушыларына, студенттерге өмірлік азық болады деп үміттенемін,- деді аудан әкімі өз сөзінде.
Жиын барысында спикерлер мағлұматтар беріліп, өмірлік тәжірибемен ұштасқан үлгі-өнегелерімен бөлісе отырып, нашақорлыққа тосқауыл қою бағытында өз пікірлерін білдіріп, көпшілікпен пікір алмасты.
Аталған форумның басты мақсаты — есірткі қылмысына қарсы іс-қимылды жүргізу және жастар арасында синтетикалық есірткілердің таралуының, пайдаланудың , қоғамдағы өзекті мәселе болып тұрған есірткіге қатысты қылмыстардың алдын алу, салауатты өмір салтын ұстанып, жаманнан жиренуге шақыру.
Нашақорлық – әлеуметке ортақ проблема, қоғамның дерті. Жер бетінде миллиондаған өмірлерді алып кетіп жатқан бұл ауру әлемдік трагедия, өз ауқымы жағынан дүниежүзілік соғыстармен тең. Бүкіләлемдік дертке арнайы мамандар ғана емес әрбір тұрғыны қарсы күрес жүргізе білгенде ғана мәселенің шешімін табады.