ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАУЫ ӨТТІ

Мемлекет басшысының мемлекеттік қызметшілерді, оның ішінде жергілікті әкімдерді «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы арқылы жаңаша тұрғыда жұмыс жасауға дағдыландыру арқылы билік пен халықтың арасындағы байланысты нығайтуды мақсат еткен шешімі біртіндеп іске асып келеді. Жергілікті әкімдер және басқа да атқарушы биліктегі жауапты мемлекеттік қызметкерлер тұрғындармен кездесулер, жеке қабылдаулар өткізіп, алдына келген азаматтардың арыз-шағымдары мен талап-тілектерін тыңдайды. Тыңдап қана қоймай кейбір мәселелерді бірден шешіп, екінші біреулерін тиісті салалар басшыларына орындауды жүктеп, үшінші мәселелердің заң аясында шешілу жолдарын қарастырады. Жергілікті әкімнің азаматтардың жеке мәселелеріне осылай көңіл бөліп, мүмкіндігінше орындалуына жұмыс жасауы тұрғындардың билікке деген сенімін арттыра түседі.
Түркістан қаласының жаңадан болған әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қала тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға қала әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары мен жауапты мекеме басшылары қатысты.
Қабылдауда азаматтардың негізгі көтерген мәселелері — тұрғын үй кезегіне тұру, қаладағы инфрақұрылым, жұмыссыздық, әлеуметтік көмек, тазалық және тағы басқа да мәселелер. Шаһар басшысы 20-ға жуық тұрғынның мәселесін тыңдап, жауапты сала басшыларына тапсырма берді.
Әзімбек Пазылбекұлының алғашқы жеке қабылдауындағы тұрғындар тілегінің басым бөлігі дер кезінде шешімін тапты.
Қабылдауда ерекше күтімді қажет ететін отбасы мүшесіне арналған инватакси қарастыруды өтінген азаматтың мәселесі шешімін тауып, «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар» бөліміне тапсырма берілді.
Жұмысқа орналастыруды сұраған тұрғындар мәселесі қалалық «Мансап» орталығына жолданды.
Барлық ұсыныстар мен талап-тілектер хаттама негізінде назарға алынып, заң аясында тиісті шешімдер қабылданатын болады.
Сол сияқты Түркістанда қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, санитарлық тазалау жұмыстары күшейтілді. Шаһардағы көшелер мен көпқабатты үйлердің аулалары, саябақтар мен қоқық тастайтын орындар тазартылуда.
Атап айтқанда, «Жаңа қала» шағын ауданындағы 9, 11 көшелердегі көпқабатты үйлердің аулалары қураған шөптер мен күл-қоқыстардан тазартылып, қоқыс алаңшалары мен аулаішілік аяқжолдар сыпырылды. Санитарлық жұмыстар «Түркістан жарық-тазалық» мекемесі тарапынан орындалып отыр.
Сонымен қатар, қаладағы С.Қожанов, Ерубаев, Меркемелов, Абдрахманов, Ясауи, Ж. Майкотов, Тәуелсіздіктің 10 жылдығы көшелері мен Қызылорда тас жолы, Жібек жолы даңғылындағы істен шыққан жарықшамдар жаңартылды.
Қала әкімінің тапсырмасына сай, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында апта соңында жалпықалалық сенбілік өткізіледі. Тазалық шарасында қала аумағы қоқыстан тазартылып, саябақтар мен гүлзарлар, аулалар мен басқа да қоғамдық орындарға санитариялық тазалық жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.