ҚАМКӨҢІЛ БАЛАЛАРҒА ҚУАНЫШ СЫЙЛАДЫ

1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы шешімімен 3 желтоқсан халықаралық мүгедектер күні болып белгіленді. Ал, Қазақстанда мүгедектер күні жыл сайын қазан айының екінші жексенбісінде аталып өтіледі. Қазақстан Республикасында мүгедектерге мүмкіндігінше жайлы жағдай жасалып, көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Мемлекет тарапынан қаржылай жәрдемге қосымша басқа да қолдаулар көрестіледі. Ерекше жандарға қоғамдық ұйымдар мен қайырымдылық ұйымдары да қолғабыс жасап келеді. Мақсат — мүмкіндігі шектеулі жандардың өздерін қоғамның толыққанды мүшесіндей сезініп, мүмкіндігінше белсенді өмір сүруіне жағдай жасау. Бүкіл республикадағы сияқты Түркістан облысында да бұл күні барлық аймақтарда мүгедектігі бар ерекше жандарға арналған көптеген іс-шаралар, салтанатты басқосулар өткізілді. Атаулы күнге орай, аудан әкімі Арман Қарсыбаев қамкөңіл балаларды құттықтап, қуаныш сыйлап, мерейлерін өсірді. Өйткені, мүмкіндігі шектеулі жандар, олардың арасындағы әрдайым қиялына қанат бітіп, армандарды аңсайтын балалардың жасалып жатқан материалдық жәрдемге қоса өздеріне арнайы көңіл бөлінгенін қалайтыны рас.
«Тағдырдың жазуына мойымай, жасымай әрқашан өмірге деген құштарлықтарыңыз артсын. Мүгедектігі болса да еліміздің дамуына үлес қосып, мәдени, спорттық және тағы да басқа көптеген салада үздік болып жүрген жандар көп. Біз сіздерге әрқашан қолдау көрсетуге дайынбыз. Тағы да мерекелеріңіз құтты болсын»-деді Арман Романұлы.
Сондай-ақ, қамкөңіл балалардың көңілін көтеру үшін арнайы сыйлық мен тәтті себеттерді тапсырды.
Шардара ауданы бойынша 3226 мүгедектігі бар адам тіркелген. Оның ішінде I-II топтағы мүгедектер саны – 1351, III топта – 1395, мүгедектігі бар балалар саны — 480.
Есептегі барлық жандарға тиісті қолдаулар көрсетілуде.