ЖИДЕЛІ ТҰРҒЫНДАРЫНА СЕРТИФИКАТТАР ТАБЫСТАЛДЫ

0
61

Мемлекет басшысы биылғы жылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында елімізде заңдылық пен тәртіптің үстемдігін орнату, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін құқық қорғау орындарының нәтижелі жұмыс жасауы қажеттігін айтты. Сонымен қатар, азаматтардың да құқықтық сауаттылығымен қатар электрондық, экономикалық сауаттылығын да арттыру керектігін айта келіп «Цифрлық технологиялардың күнделікті өмірімізге жаппай енуі түрлі алаяқтардың көбеюіне әкеп соқтыруда. Оған бәріміз куә болып отырмыз. Сондықтан, қазір қаржы және экономика негіздерін білу, қарапайым цифрлық дағдыларды меңгеру аса маңызды болып тұр. Осы ретте «Amanat» партиясы ұсынған «Қарызсыз қоғам» жобасын атап өткім келеді. Азаматтардың қаржылық сауатын арттыруға арналған осы жобаға былтыр 65 мың адам қатысты. Ал, биыл одан да көп адам қатысады» деген болатын.
Тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында жүзеге асырылып жатқан «Қарызсыз қоғам» жобасы Арыс қаласында қарқынды жүргізілуде. Жобаның негізгі мақсаты – жеке тұлғалар арасында проблемалық берешегі бар адамдардың қаржылық сауатын арттыру.
Осы орайда, апта басынан бастап, Арыс қаласы, Жиделі ауылдық округінде алғашқы оқу ұйымдастырылып, өз мәресіне жетті. «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында, «Қаржылық сауаттылықты арттыру» бағдарламасы бойынша 40 сағат күндізгі курсын аяқтаған Жиделі ауылының 75 тұрғынына арнайы сертификаттар табысталды.
Сертификаттарды “AMANAT” партиясы Арыс қалалық филиалының төрағасы Бақтығали Ділдәбеков және арнайы қаржы сарапшысы Мұратжан Есенбаев, қалалық Экономика бөлімі басшысы орынбасары Мақсат Дәрменов тапсырып, ауыл тұрғындарына сәттілік тіледі.
Жобаға қатысушылар өз қаражатын тиімді басқаруды үйреніп, өмірлік тәжірибе ретінде іске асыратындықтарын жеткізді. Оқу бағдарламасы аясында тұрғындарға жан жақты ақпараттар берілді. Оның ішінде:
— өз қаржыларын тиімді басқаруды;
— кредит алу мен депозит ашудың тиімді жолдарын;
— банкроттыққа тапсырудың алғышарттарын;
— алаяқтарға алданбау мен қаржылық пирамидалардың құрсауына түспеуді үйренді. Сонымен қатар мемлекеттік қайтарымсыз гранттар бойынша, «Ауыл аманаты» жеңілдетілген несие бағдарламасы туралы ақпарат берілді.
Сонымен қатар, банк карталарында бұғат (арест) болса шешіп беруге және төлей алмай жатқан несиелер болса жаңа график ашып беруге онлайн тегін заңгер қызметі көрсетілді. «Қарызсыз қоғам »жобасы алдағы уақытта қала көлемінде жалғасын табатын болады.
Сондай-ақ, Арыс қаласындағы көптеген қала тұрғындарының сүйікті демалыс аймағына арналған «Арбат» саябағы жаңа қақпалармен толығып, ерекше көрініске ие болды. Саябақтың батыс және шығыс қақпалары Khazakh Real Stroy мекемесінің күшімен жаңартылып, тұрғындарға жанға жайлы демалыс аймағы ретінде ұсынылып отыр.
Бұрынғы қақпалар вандалдардың бүлінунен жиі рет зардап шеккендіктен, бұл жолы биік әрі еңселі жаңа қақпалар орнатылды.
Қала әкімдігі тұрғындарды саябақты күтіп ұстауға және вандализмге жол бермеуге шақырады. Арбат – тек демалыс орны ғана емес, қаланың көркемдік беделін айқындайтын маңызды нысандардың бірі. Тазалық пен тәртіп барша тұрғындардың ортақ жауапкершілігі екенін ұмытпай, осы әсем саябақты сақтап қалуға әрқайсымыз үлес қосуымыз керек.
Жаңа қақпалар – бұл тек көріктендіру жобасы емес, қаламыздың дамып, мәдени орталықтарының көркейіп келе жатқанын көрсететін айқын белгісі екенін ұмытпайық.