ЖАСТАРДЫ ОТАНСҮЙГІШТІККЕ ТӘРБИЕЛЕЙТІН КИНО КӨРСЕТІЛДІ

Қазақстан Республикасының Жастар саясаты жас ұрпақты отаншылдыққа білім ментәрбиені сапалы беріп, қоғамда белсенді болуға тәрбиелеуді мақсат етеді. Жас ұрпақтың рухын көтеріп, отансүйгіштік қасиетті бойына сіңіруде ұлттық құндылықтарды насихаттаудың маңызы зор.
Сайрам ауданы әкімі Арман Сәбитовтің тапсырмасына сәйкес, жастардың санасына отансүйгіштік сезімді сіңіре отырып, оларды идеологиялық бағытта тәрбиелеу бойынша жұмыстар атқару қолға алынған болатын. Анығын айтқанда, жеткіншектерді еліміздің тарихын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын құрметтеуге, патриоттыққа баулуға басымдық берілді. Сондықтан ауыл округтердегі барлық мәдениет ошақтарында, ауылдық мәдениет үйлері мен ауылдық клубтарда отансүйгіштік мазмұндағы киноларды көрсету күн тәртібіне қойылды.
Осыған орай, 25 қазан — «Республика күні» қарсаңында, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен Қарабұлақ ауылындағы мәдениет үйінде отандық танымдық кинофильм жұртшылыққа жол тартты.
Ұстаздар қауымы мен оқушылар және ауыл тұрғындарының назарына ұсынылған киноның мән-мазмұны айтарлықтай маңызға ие екені анық. Қысқаша түйініне тоқталсақ, жас буынды ата-анаға, ұстазға, Отанға, туған елге, жерге құрмет көрсетуге жетелейтін түрлі тақырыптар қамтылды. Олардың бойына отансүйгіштік қасиетті қалыптастыруға бағытталды.
Бұдан бөлек, танымдық кинофильмде бүгінгі таңда қоғам қасіретіне айналған нашақорлық, сыбайлас жемқорлық, оқушылар арасындағы ойынқұмарлық секілді көкейкесті мәселелер де кеңінен көрініс тапты.
Айта кетейік, бұл бағыттағы кинотуындыларды тұрғындарға көрсету жұмыстары қазан айының 14-18 күндері аралығында басқа ауылдық округтерде де жалғасын табатын болады.
Сол сияқты Сайрам ауданы орталығы мен ауданға қарасты барлық ауылдардағы қоғамдық орындарда, орталық көшелерде, мәдениет ошақтарында «Қазақ радиосы» мен «Шалқар» радиосы іске қосылып тұр.
Бұдан бірер ай бұрын Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитовтің тапсырмасына сәйкес, қолға алынған қазақтың үнжариясын тұрғындар күнделікті тыңдап келеді.
Айта кетейік, аудан аумағындағы радиотолқын желілері тұрғындарға мемлекеттік тілде тәулік бойы елден және аймақтан ақпараттар таратады. Бұдан бөлек, тұрғындар әуелеген ән мен күмбірлеген күй тыңдап, рухани дүниелермен сусындауда.