ЖАҢА ӘКІМ ТҮРКІСТАНДЫҚТАРМЕН КЕЗДЕСІП ТІЛЕКТЕРІН ТЫҢДАДЫ
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен Мемлекет басшысының әкімдердің тұрғындармен кездесіп есеп беріп, олардың талап-тілектерін тыңдауын, жеке қабылдаулар өткізуін талап еткен тапсырмасына орай Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы «Яссы» және «Шауғар» секторы тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында тұрғындар мәселелерін тыңдап, шешу жолдарын сала басшыларымен бірге талқылады.
Кездесуге қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев, қалалық мәслихат депутаттары, жауапты қала әкімінің орынбасарлары және дербес бөлімдер мен тиісті мекеме басшылары қатысты.
«Яссы» және «Шауғар» тұрғын алабының халқы инфрақұрылым, жолдарды асфальттау, көшелерге видеокамералар орнату, көгалдандыру және қоғамдық көліктердің жүру уақытын реттеу, сонымен қатар білім саласына қатысты бірқатар мәселелерді көтерді.
Шауғар секторының тұрғындары жақын маңайға «банк автоматтарын» орнатып беруін, орталыққа барып келудің қиын екендігін айтып, шаһар басшысына өтініш білдірді. Тұрғындар мәселесін тыңдаған қала әкімі банк жүйесіне ұсыныс білдіріп, тез арада тұрғындарға қолайлы жағдай жасап беруді тапсырды.
Тазалық мәселесіне қатысты қойылған сұрақтарға шаһар басшысы жұмыстың кезең-кезеңімен орындалып жатқанын, қазіргі таңда қалада 300-ден аса тазалық қызметкері бар екенін, келесі жылы тазалық қызметкерлері санын арттыру жоспарланғанын айтты. Ал көгалдандыру жұмыстары қала бойынша 25-қазаннан басталатынын жеткізді.
Түркістан қаласында қаланы көріктендіру және тазалық, қалыпқа келтіру жұмыстары қарқынды жалғасуда. Бүгінгі таңда кейбір санасыз тұрғындар тарапынан аялдамаларды сындыру, қоқыс тастау, қаланы ластау, заңсыз жарнамалар ілу жағдайлары жиі орын алуда.
Сондай-ақ, мердігер команиялар тарапынан жауапсыздық, дұрыс атқармау жәйттері орын алып отыр. Осыған байланысты ретсіздіктер қалыпқа келтіріліп, қайталанған жағдайларда айыппұл салу шаралары қабылдануда.
Қала тұрғындарынан қала тазалығына жанашырлықпен қарауды және сенбіліктерде белсене атсалысуды сұраймыз.
Сондай-ақ, Түркістанда қала күні аясында “Тұғыры биік, киелі мекенім — Түркістан” атты мерекелік іс-шара өтті. Ашық аспан астындағы концерттік бағдарламада қалалық “Мәдениет үйінің” өнерпаздары ән-жырдан шашу шашты.
«Жеңіс» саябағында өткен мерекелік шара қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, жиналған көрермен қосыла ән шырқады.