КЕЗЕКТІ КЕЗДЕСУ ҚҰТАРЫС АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ ЖАЛҒАСТЫ

0
90

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына және Мемлекет басшысының әкімдердің тұрғындармен кездесу өткізуі бойынша Жарлығын орындау бойынша тапсырмаға сәйкес Түркістан облысының әкімдері тұрғындармен арнайы кездесулер өткізіп, халықтың талап-тілектерін тыңдап, өздерінің атқарып жатқан жұмыстары жайында баяндап береді.

Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитовтің тұрғындармен кезекті есептік кездесуі Құтарыс ауылдық округінде өтті. Тұрғындармен кездесуде алдымен Құтарыс ауылдық округі әкімі Мырзахан Керімбековпен және жауапты тұлғалармен дәрігерлік амбулатория ғимаратының құрылыс жұмыстарын талқылады.

Медициналық нысанның құрылыс жұмыстары «AK-KAZ-SAPA» ЖШС техникалық қадағалауындағы «Строительная компания EMAAR» ЖШС мердігер мекемесі тарапынан жүргізілуде. Жалпы алаңы 0,3 га салынып жатқан дәрігерлік амбулаторияның жөндеу жұмыстары 2024 жылдың желтоқсан айында аяқталады деп жоспарлануда.

Бұдан соң аудан басшысы, тиісті тұлғалар мен ауылдық округ тұрғындары Құтарыс ауылдық пошта байланысы ғимаратының жөндеу жұмыстарына қатысты өз ойларын ортаға салды.

Жалпы алаңы 70 КВ м2-ді құрайтын аталмыш орталық 0,30 га жер аумағында орналасқан. Сайрам аудандық «Қазпошта» байланыс торабының теңгеріміне тиесілі орында 2 қызметкер жұмыс істейді.

Кездесу барысында аудан басшысы аталған ғимараттың күрделі жөндеу жұмыстарын мердігер мекеме тарапынан жүргізу бойынша қажетті шаралар қарастырылатынын айтты.

Сондай-ақ, кездесу барысында Арман Сәбитұлы төтеншеліктерге бірқатар тапсырмалар берді.

Атап айтқанда, Ақарыс ауылындағы тұрғын үйлер маңынан өтетін су басу қаупі бар аумақтардағы Арыс өзенінің арнасын бұру бойынша облыстық тиісті мекемелермен бірлесе нақты жұмыстар атқару қажеттігін тапсырды. Бұдан бөлек, Қызылжар ауылы тұрғындарының өтінішіне сәйкес, Арыс өзенінің арнасын бұрып, қазылған аумақты ағын сумен қамту жұмыстарын жүргізуді жүктеді.

Халықты сапалы инфрақұрылымдармен қамтамасыз ету, қатынас жолдарының сапасын арттыру бойынша Түркістан облысында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Солардың қатарында теміржол және автокөлік жолдарының бір-бірін кесіп өтетін тұстарын жақсарту, жаңғырту жұмыстары да бар. Сайрам ауданындағы облыстық маңызы бар «Шымкент-Ақсу» бағытындағы автомобиль жолдың 14 шақырымындағы жерүсті теміржол өткелін қайта құрудан өткізу жоспарланып отыр.

Бүгінгі таңда облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен жобалаушы мекеме «Sunkar Building-A» ЖШС тарапынан жер үсті теміржол өткелін қайта құруға жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын іске асыру 2025-2026 жылдарға жоспарланып отыр.

Айта кетейік, биыл Түркістан облысында автомобиль жолдарының құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 248 нысан немесе 1061,3 шақырымды құрайтын жолдар мен көшелер қамтылды деп көзделуде.