КЕЗДЕСУДЕ БІРҚАТАР ТҮЙТКІЛДІ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ТАЛҚЫЛАДЫ

0
60

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын жүзеге асыру және Президенттің әкімдерге халықпен кездесулер ұйымдастырып есеп беріп отыруын міндеттеген Жарлығын орындау мақсатында Түркістан облысының әкімдері өз аумағының тұрғылықты тұрғындарымен арнаулы кестеге сай кездесулер өткізуді дәстүрге айналдырып келеді.

Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитұлының Манкент ауылдық округі тұрғындармен келесі есептік кездесуі Айнабұлақ жалпы орта мектебінде жалғасты. Кездесуде бүгінгі таңда білім үйінде жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарымен танысты. Өз кезегінде, аудан басшысы тұрғындар қажеттілігін қамту үшін түйткілді мәселеге тоқталды. Аталған мектептің маңындағы ескі ғимаратты кәдеге асыру қажеттігін айтты.

Тиісті қаржысы қаралған білім ордасы 600 оқушыға арналған. Қабырғасы 2022 жылдың шілде айында қаланған білім үйінің құрылыс жұмыстары «Шымкент Күрделі Құрылысы» ЖШС техникалық қадағалауындағы «Строй Экспресс РК» ЖШС мердігер мекемесі тарапынан жүргізілуде.

Аталмыш алтын ұядағы жөндеу жұмыстарын ағымдағы жылдың қараша айының соңында толық аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Тұрғындармен кездесу барысында аудан басшысы Арман Сәбитов мектептің ескі ғимаратының жанында бос жатқан 1 га жер телімін әкімдік теңгеріміне алып, оның орнына ауылдық дәрігерлік амбулатория және балалар ойын алаңшасын салуды қажеттігін айтты. Және бұл бағытта жобалық-сметалық құжаттар дайындау бойынша тиісті сала басшыларына тапсырмалар берді.

Аудан басшысы Арман Сәбитов Манкент ауылдық округі тұрғындарымен есептік кездесу

барысында алдымен сүт өнімдерін өндейтін «YUG-GROUP-INVEST» ЖШС цехының жұмысымен танысты. Мұнда қазіргі таңда сүттің жетіспеушілігі жайлы өзекті мәселені талқылады.

Бүгінде Надыр Читилов басқаратын бұл кәсіпорын 2024 жылдың наурыз айында 1,0 га аумақта іске қосылған болатын. Аталмыш өндіріс орны аймақ халқының денін «Эль-Дениз» маркасымен дайындалатын чичель, сары май, брынза, сыр, 2,5%-дық йогурт айран секілді сүт өнімдерімен қамтып отыр. Ал, түркиялық құрал-жабдықтар арқылы өнімнің табиғи құнарын сақтау үшін 20 адам жұмыспен қамтылған.

Аудан басшысы кездесу кезінде бүгінгі көкейкесті мәселенің шешімін табу жолдары қарастырылатынын айтты. Ол үшін шаруалар «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жеңілдетілген шағын несие ала отырып, сүттің өзін өндіру арқылы өнімдерін көбейту керектігін жеткізді.

Айта кетейік, жалпы жылына 9600 тонна өндірілетін сүт өнімдерінің 70% ы — ішкі нарыққа, 30%- сыртқы нарыққа жөнелтіледі.

Аудан әкімі Арман Сәбитовтің төрағалығымен облыс әкімі Дархан Сатыбалдының №118 хаттамалык тапсырмасының орындалуы бойынша жиын өтті. Аталған мәжіліске ауылдық округ әкімдері мен тиісті бөлім басшылары қатысты. Жиын барысында аудан әкімінің орынбасарлары Шухратулла Убайдуллаев пен Мадияр Оразалиев аудан аумағындағы заңсыз құрылыс бойынша баяндама жасады.

Атап айтқанда, аудан аумағында нысаналы мақсатына сай пайдаланбай жатқан нысандарға аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің мамандары және Түркістан облысының бақылау жөніндегі басқармасы мамандарының бірлесуімен зерделеу жұмыстары жүргізілгенін айтты.

Нәтижесінде нысаналы мақсатына сай пайдаланбай жатқан және қызыл сызықта орналасқан нысандар анықталып, аудандық соттың өндірісі мен Түркістан облысының бақылау жөніндегі басқармасына тиісті шара көру ұсынысхат жолданғанын баяндады.

Жиынды қорытындылаған аудан басшысы ауыл округ әкімдері мен аудандық жер қатынастары бөліміне анықталған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімінде орналасқан тұрғын үйлерді заңдастыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізуді тапсырды.

Ал жеңіл конструкциялы нысандарды алдыру бойынша ауылдық округ әкімдіктеріне заң аясында тиісті жұмыстар атқару үшін ұсыныс енгізу қажеттігін айтты.

Сол сияқты Сайрам аудандық Төтенше жағдайлар басқармасының мамандары аудан тазалығына жауапты жұмыскерлерге тілсіз жауға төтеп беру бойынша кездесу өткізді.

Аталған іс-шара аясында аудан аумағында қатты тұрмыстық қалдықтарды жинақтайтын қоқыс полигондарының қызметкерлеріне «Өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау» тақырыбында түсіндірме жұмыстарын жүргізді.